Мағжан жыры – таусылмайтын жыр. Ақынның ақыны атанған Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай бабамыздың рухын асқақтатып, өшпес мұрасын насихаттау шаралары әлі жалғасуда. Соның бір парасына Анадолы елінде куә болдық. Түркия мемлекетінің Ыстамбұл шаһарындағы Мимар Синан көркемөнер университетінде “Қазақ-түрік достығын жырлаған алаш қайраткері Мағжан Жұмабай және шығармашылығы” тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Ғылыми жиынның ұйымдастырылуына Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-зерттеу институты және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Отырар кітапханасы” ғылыми орталығы мұрындық болды.
Симпозиумның шымылдығы екі мемлекеттің Әнұранымен ашылды. Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның ғалымдары екі күн бойы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығындағы ақтаңдақ беттер туралы әңгіме қозғады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының профессоры Данагүл Махат “Мағжантанудың кейбір ақтаңдақ беттері” деген тақырыптағы баяндамасында бұрын айтылмаған тың деректерді келтіріп, Мағжанның әлі жарық көрмеген “Терме”, “Кең дала” сияқты өлеңдері барын айтты.
Жас ғалым Қанай Өмірбектің “Алаш ұлттық қозғалысының Қытай қазақтарына әсері” деген тақырыптағы баяндамасы көрермен көзіне жас алдырды. Түрік ғалымдары Мағжан Жұмабаевтың “Түркістан” өлеңін қазақ-түрік тілдерінде жатқа оқығанда, мерейіміз тасыды. “Мағжанды сүйемін, Мағжанды сүю арқылы Қазақ елін сүйдім”, – дейді Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Осман Йорұлмаз.
Аталмыш университетінің профессоры Әбдіуақап Қара ақынның “Алыстағы бауырыма” деген өлеңін оқып берді.
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта
Қайғыдан қан жұтамыз.
Біздің атқа, Лайық па құл боп тұру?
Жүр кетелік Алтайға, ата мирас алтын таққа, – деген жолдарға екпін түсіре оқыған ғалым Мағжан Жұмабаевтың есімі түбі бір түркіге қадірлі екенін айтты. Қос елдің достығын жырлаған, түркішілдікті ту еткен Мағжан жырлары мәңгілік екеніне көзіміз тағы бір жетті.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.