«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРМЕ РЕФОРМАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ КӨП

Қазақстанда пенитенциарлық мекемелерде отырғандардың санын азайту үшін қажетті шаралар жүргізілуде. Әсіресе, түрме реформасы белсенді орындалуда. Қазіргі кезеңде оның нәтижелері қандай және белгіленген мақсатқа жету үшін алдағы уақытта не істеу керек? Бұл туралы облыстық прокуратураның басқарма бастығы Руслан Мәмбетовтен сұраған едік.

– Руслан Қазыбекұлы, қазіргі уақытта өңірімізде бас бостандығынан айыру орындарындағы ахуал қандай? Соңғы жылдары түрмеде отырғандар саны азайды ма?

– Қазіргі таңда түзеу мекемелерінде жағдай тұрақты. Ондағы ахуалды осыдан 5-10 жыл бұрынғы жағдаймен мүлдем салыстыруға келмейді. Бүгінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер еш нәрсеге мұқтаж емес. Мәселен, оларға берілетін тамақ түрлеріне бостандықта жүрген кейбір адамдардың қолы жетпейді. Мемлекет кепілдік берген нормалардың барлығы сақталатындығына біз ғана емес, қадағалаушы, бақылаушы органдар мен құқық қорғау ұйымдары да көз жеткізді. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан еліміздің кейбір түзеу мекемелерінде орын алған жайсыз жағдайлардан хабардарсыздар. Бұлардың барлығы бірлі-жарым фактілер деп ойлаймын. Ал біздің өңірде орналасқан 6 түзеу мекемесінде тәртіп орнатылған. Бүгінгі таңда өңіріміздегі түзеу мекемелерінде 2 мыңға жуық адам жазасын өтеуде. Түрмедегілер санының көптігі жағынан алдыңғы үштікте болған Қазақстан тәуелсіздік жылдары 56 орынға дейін төмендеді. Күн сайын түзеу мекемелеріне хабарласып, қанша адамның бостандыққа шыққанын біліп отырамын. Әр күн сайын 2-3 адам еркін өмірге қадам басады.

– Қазіргі кезеңде Қазақстанда түрме реформасы қалай жүргізіліп отыр, сол туралы айтып берсеңіз.

– Бізде үш реформа жүзеге асырылуда. Біріншісі – түрмедегілердің санын азайту. Мәселен, біздің өңірде болған балалар колониясы жабылып, ондағы кәмелетке толмаған балаларды Алматы облысында орналасқан түзеу мекемесіне жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл – балалар колониясында жазасын өтеушілердің санының азайғандығының белгісі. Екіншісі – “Түрмедегілерді жұмыспен қамту – 2017” реформасы. Түзеу мекемелері түгіл, бостандықта жүргендерге де жұмысқа орналасу оңай шаруа емес. Бас прокуратура алдымызға түзеу мекемелеріндегі еңбекке жарамды жазасын өтеушілерді жұмысқа тарту туралы зор мақсат қойған болатын. Бұл жазасын өтеушілердің бөтен ойдан аулақ болуымен қатар, қаражат жинауына мүмкіндік беріп, мемлекет, жәбірленуші алдындағы қарызын өтеуге жағдай жасайды. Үшіншісі – “Ресоциализация. Сен қоғамға керексің!” жобасы. Бұрын сотталған адамдарды заңға бағынушы азаматтар ретінде қоғамға реинтеграциялауға бағытталған жобаның қолға алынғанына бір жылдай уақыт өтті. Бұл “100 нақты қадам” Ұлт жоспары реформасында да көрсетілген. Аталған құжаттың 33-қадамында: “Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау” тапсырмасы берілді. Яғни, бостандыққа шыққан адамның түрмеде жазасын өтегендігі маңдайға басылған таңбадай болмауы керек. Оларға екінші мүмкіндік берілуі қажет. Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен арнайы жоспарлар құрылып, жан-жақты жүзеге асырылуда.

– Түзеу мекемелерінен шыққандарды қоғам кеудесінен итеретіндігі айтылып та, жазылып та жүр. Мұны қалай жеңуге болады?

– Бүгінгі таңда жұмыс беруші алдына келген азаматтың бұрынғы сотталушы екенін естіген сәтте-ақ одан бас тартады. Мұндай фактілер болды. Заң бойынша бұрынғы сотталушыны қадағалаушы орган ретінде біз, ішкі істер органдары, ол есепте тұрған пробация қызметі үйінде, жұмыс орнында тексеруі тиіс. Осы органдардың бірінің қызметкері бұрынғы сотталушыны жұмыс орнында тексерген кезде көптеген жұмыс берушілер оның түрмеде отырғанынан хабарсыз екеніне көз жеткіздік. Ал білген кезде бірден жұмыстан шығарып жібереді. Осы орайда біз оларды қазір қашықтықтан тексеруге тырысамыз. Тағы бір айтарым, егер түрмеден босаған адамның әлеуметтік жағдайы төмен болса, ол бір жолғы жәрдемақы алуға құқылы. Бүгінгі таңда бостандыққа шыққан 20 адам осындай жәрдемақыға қол жеткізді. Алайда, мұндай жеңілдіктің бар екенін көпшілігі біле бермейді.

– Түрме реформасы сонда отырғандардың өмірін қаншалықты өзгертеді?

– Қолға алынған үш реформа түзеу мекемелеріндегі ахуалды өзгертті деп айта аламын. Бұл реформалар өңіріміздегі түзеу мекемелері үшін қажет әрі аса маңызды. Ал оның нәтижесін күнделікті атқарып жатқан жұмысымыздан көріп жүрміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp