Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтитын “ЕС 164/6” түзету мекемесі Петропавл қаласында орналасқан. Түрменің бастығы, әділет подполковнигі Ерлік Бексұлтановтың айтуынша, осынша жазасын өтеп жатқан екі жүзге жуық әйелдің 170-тейі жұмыс істеп, нәпақасын адал еңбекпен тауып жүр.
Қоян да, тауық та өсіреді
Сотталғандарды еңбекке ұйымдастыру тобының аға инспекторы, әділет капитаны Сәния Неғметжанованың жол бастауымен абақтының ішіне ендік. Зілбатпан темір торлы есіктерден өткен сайын жан-жағымызға үркектей қарап, аяғымызды абайлап басып келеміз. Аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін айрықша орын екені алдын ала ескертілгендіктен, жүректің өрекпи соққаны рас. Кіреберісте өзін бригадирмін деп таныстырған Олеся Русак деген күлімкөз келіншек қарсы алды. Әжім торлаған жүзіне қарасаң орта жасты алқымдап қалған сияқты. Құжат бойынша жастау екен. Тағдырдың жазуы ма, әлде өмірдің сынағы ма, 8 жылға кесіліп, екі жылын өтепті. “Тәртібім жақсы болса, 2023 жылы шартты мерзімге шығып қалуым мүмкін”, – дейді жүзіктің көзінен өтетіндей пысықай мінезін бірден байқатып. Қолды-аяққа тұрмайтындай ылдым-жылдым қимылы, аузы-аузына жұқпай сөйлеуі ішкі тәртіпке бейімделіп, қапастағы өмір салтына үйреніп қалғанын аңғартады. “Мамандығыңыз бар ма?” деген сұраққа тігінші, массажшы, аспазшы, бәрі де қолынан келетіні туралы нақпа-нақ жауап беріп, тағы қандай сауалыңыз бар дегендей бетке міз бақпай қарайды. Түрме ішіндегі тіршілік ағыны да қыж-қыж қайнаған қарбаласқа толы. Бейсауат жүрген ешкім жоқ. Әркім тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай атқаруға кіріскен. Бар ойлары абақтының азабынан құтылып, бостандықтың таза ауасын жұту, отбасымен, туысқандармен қауышу, ендігәрі аты өшкір пәлеге жуымау екенін мұңды жүздерден, сағынышты жанарлардан жазбай танисың.
Бригадир алдымен үй қояндарын өсіретін цехқа бастап апарды. Сыбдырды ести сала қаша жөнелетін “ұзын құлақ сұр қояндарға” еш ұқсата алмадық. Именуді, ептеп болса да ығысуды білмейді. Тек алға қарай ентелей береді. Дене тұрқы да бөлек, ірі. Құлақтары салақұлаш, жерге тиер-тимес. Таңданысымызды көзімізден аңғара қойған Олеся бірден сөйлеп кетті.
– Үй қоянының “Серый гигант”, “Белый гигант” және “Бабочка” деген тұқымдарын өсіріп жатырмыз. Өсімтал. Еті дәмді, сіңімді. Азық талғамайды. Бір-бірінен ажырату қиын емес. Мәселен, “гиганттардың” құлағы, тұмсығы, құйрығы қара, жүні аппақ. Сүйкімдісін қарашы, – деп бірінші рет көріп тұрғандай қызықтап қояды. Бұлардың салмағы 16 килограмға дейін тартатын көрінеді.
Ал тауықтар Бескөл құс фабикасынан әкелініпті. Алды жұмыртқалай бастапты. Барлық мекиен менің иелігімде дегендей жалғыз қораз қоқиланып жүр. Сондай маңғаз, аяқтарын балерина құсап билей басады.
Көкөніс жайқалып тұр
Өрнектас дайындайтын цехта алты сотталушы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Тапсырыс үзіліссіз түсіп, өрнектастың 16 түрі шығарылады. Жазға салым жұмыс тіпті көбейеді. Осында еңбек ететін екінші отрядтың мүшесі Лилия Заворотниктің туып-өскен жері – Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы. Нашақорлықтың уытына елітіп, оның ақыры темір торға қамалуға соқтырған. Өкініштен бармақ тістеп, ащы запыран кеудені қысады.
Мұнда жылыжай екеу. Біреуі тарлық еткен соң жаңасы былтыр тұрғызылыпты. 140 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайларда көкөніс қысы-жазы үзілмейді. Қияр, қызанақ, пияз, ақжелкен, болгар бұрышы, сондай-ақ лимон, апельсин секілді цитрус жемістері өсіріледі. Былтыр саңырауқұлақтан мол өнім жиналыпты. 250 килограмм қияр, 130 килограмм қызанақ теріп алыныпты. Биыл осы рекордтық көрсеткіштер қайталанады деген үміт мол. Жұмыс жетіп артылады. Жерді қопсытудан бастап, тыңайтқышпен құнарландыру, суару шараларына қажырлы еңбек, ерекше күтім қажет екенін жазасын өтеушілер жақсы түсінеді. Жылыжай аумағы кеңейтілгелі қосымша жұмыс орындары ашылған. Гүлдер де егіледі. Алғашқы аяқалыс өз нәтижесін бергеннен кейін табыс табуға құлшыныс та арта түскен.
“Шмагнова Е.Г” жеке кәсіпкерлігі осында екі жылдан бері өрнектастар, шлакблоктар дайындаумен шұғылданады. Кәсіпкер үшін бірқатар жеңілдіктер жасалған. Атап айтқанда, жалға алу ақысын төлеуден босатылған. Ол өз тарапынан қоян, құс шаруашылығын да дамытып, қыз-келіншектерді жаңа кәсіпке бейімдеп жатыр. “Осында үйренгендері түбінде бір кәдеге жарары анық”, – дейді түзету мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Ерлан Мұрзатаев.
Евгений Щеголевтың жеке кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергеніне тоғыз жылдан асыпты. Содан бері осы мекемемен тығыз байланыста. Бизнес иесін осында жолықтырып, біраз мән-жайға қанықтық. Мемлекеттің көмегімен 80 шаршы метрді құрайтын нысанды сенімді басқаруға әрі ақысыз жалға алып, өндіріс орнын кеңейткен. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жеңілдікті несиеге ие болып, жүк көлігін, тағы басқа қажетті қондырғыларды сатып алған. Тапсырыстар негізінен мекемелерден түседі. Монша сыпыртқысынан бастап, қара жұмысқа арналған қолғаптар мен сулықтарға дейін дайындалады. Бетперделер мен арнайы киімдерге де тапсырыс беріліпті. Жұмыс қол күшімен және станоктар көмегімен атқарылады.
Темір тордың арғы жағында кәсібін дөңгелетіп отырған Евгений Сергеевич карантиннің жариялануына байланысты өзге өңірлерден тапсырыс деңгейінің төмендеп кеткенін, Ресейдің арзан тауарлары көптеп жеткізіліп жатқанын жасырмайды. Үлкен проблеманың бірі – жергілікті шикізаттың жетіспейтінінде, қымбаттылығында. “Ең бастысы, жазасын өтеушілер үшін жұмыс бар, бірде-біреуі қол қусырып қарап отырған жоқ. Осында қаражат жинап, темір тордан шыққан соң еңбек нарығында өз орнын тапқандар аз емес”, – дейді кәсіпкер.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.