«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮТІН ОТТАН ДА ҚАУІПТІ!

Өрт дегенде адамдардың көз алдына жолында тұрған барлық тірі жанды жалмап, баса көктеп келе жатқан от елестейді. Күні кеше отбасыларының панасы да, қуанышы да болған тұрғын үйлердің бүгінде күл-талқаны шығып, күл үйінділерінің арасынан табылған адам мүрделері туралы қайғылы оқиғаларды жиі естиміз. Алайда, статистикаға жүгінсек, өртте қаза болғандардың басым көпшілігі отта күйік алудан емес, жанудың уытты өнімдері және иісті тұншықтырғыш газбен уланады.

Химиялық қосындылардың адам ағзасына әсер ету күшін тек әскери уландырғыш заттармен салыстыруға болады. Өртсөндірушілердің көзіне көбінесе мынадай көрініс шалынады: бықсып жанып жатқан төсектің үстінде үй иесінің мүрдесі, одан 1-2 метр жердегі еденде төсеніш бықсып жанып жатады, ал көп жағдайларда үстел үстінде алкогольдік ішімдіктер, “тіске басар” тамақ қалдықтары жатады… Өкінішке қарай, оның сценарийі қарапайым – ішімдік ішіледі, темекі шегеді, ұйықтап қалады, ал түсіп кеткен темекіден маталарға от түседі де, одан шыққан шамалы түтін адамның есінен танып қалуына жеткілікті болады. Зардап шегушіге жедел дәрігерлік көмек көрсетпесе, оның аяғы қайғылы аяқталады. Алайда, мұндай қауіп-қатер адамды тек қана үйінде күтеді деуге болмайды. Көпқабатты әкімшілік және басқа да мақсаттағы ғимараттарда жану өнімдерінен тұншығудан адамдардың жаппай қаза болу деректері жетерлік.  

Аспанды тіреп тұрғандай етіп салынған көпқабатты зәулім үйлердегі пәтер иелеріне айтарымыз: мұндай төтенше жағдайлар туындағанда өз әрекеттеріңізді алдын ала ойластырып қойғандарыңыз жөн. Ең бастысы, ғимараттан дереу шығу жоспарын ойластырып, онымен отбасы мүшелерін күні бұрын хабардар ету керек. Жоспарлау барысында екі маңызды ережені естен шығармау қажет. Біріншісі – өрт кезінде лифтіні пайдалануға тыйым салынады. Қабаттар арасында жылдам жылжу құралы оттан қашамын деген адамдардың бір мезетте мазарына айналуы мүмкін. Электр қуаты үзілген сәтте лифт қабаттар арасында тоқтап, лифтінің шахтасы дереу түтінге толады. Екіншісі – тыныс алу органдарын қорғау үшін қол астында бар құралдарды (шүберек, қол орамал, бөкебай және т.б.) міндетті түрде пайдалану керек. Нақты көмегі болуы үшін оларды сулап қолдану қажет. Осыған орай мәскеулік “Россия” қонақүйінде 1974 жылы болған ірі өртте жапондық туристер тобының толық құрамымен аман қалу мысалын айтуға болады. Өртсөндірушілер оларды бөлмелерінен аман-сау алып шықты. Шығу жолдары жабылып қалғандықтан, Күншығыс елінің өкілдері мынадай қорғаныс әрекеттерін жасаған: барлығы бірнеше жуыну бөлмелеріне жиналып, ванналарға су толтырып, есіктерінің маңайын суланған орамалдармен тығындап тастаған. Суды аямай есік, қабырға және желдеткіштерге шашып отырған. Тыныс алу органдарын кірген түтіннен суланған шүберекпен қорғаған. Содан соң су толтырылған ваннаға кезек-кезекпен шомылып отырған. Осы өртте жапон қонақтарының бөлмелерінен тек сол жуынатын бөлігі ғана аман қалып, өзге жерлері түгел жанып кеткен. Әрине, осындай төтенше жағдайда оны қайталауға бола қоймас (кенеттен су тоқтап қалса, бұл адамдар үшін өрттің қалай аяқталатыны беймәлім), бірақ нақты сол күні жапондықтардың бұдан басқа еш амалы қалмағаны рас …

Тағы бір айта кететін жайт, өрт барысында түтін шығып, оттегінің жойылуынан да басқа адам өміріне төнетін қауіп – иісті тұншықтырғыш газ.

Ол барлық заттардың жануы барысында пайда болады, химиялық қасиеттері бойынша оттегінен 300-400 есе белсенді бұл газ қандағы гемоглобинмен араласып әрі оттегінің тапшылығын тудыруы себепті адамдардың түрлі деңгейде улануына апарып соқтырады, аса ауыр жағдайларда қайғылы оқиғаға душар етеді. Үйлерін пешпен жылытатын адамдардың барлығы бұл қосындының қасиеттерімен жақсы таныс. Кез келген үй иесі пештің ішіндегі отын түгел жанып бітпей, мұржа жапқышын жапса, үйдегі адамның барлығы ешқашан оянбай қалуы мүмкін. Жыл сайын осы себептен адамдардың уланып, мерт болып жататын оқиғалары жиі кездеседі. Сондықтан пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары пешті қолдану ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Сонымен бірге аталған газбен уланудың бастапқы белгілерін де біле жүру де артық емес. Одан бас қатты ауырып, айналады, құлақ шулап, бет қызарады, әлсіреу, үрейлену, ауаның жетіспеуі, жүрек айнуы пайда болады. Содан кейін есінен танып қалмаған жағдайдың өзінде мелшиіп қатып қалу, әлсіздік пайда болып, адам қауіпті аймақтан шыға алмай қалады. Сосын ұйқы келеді, есінен танып, дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Ауырлығы орта деңгейлі улану орын алғанда адам есінен танып қалады. Аталған газбен улану адам өмірінің одан кейінгі жылдарына да өз әсерін тигізеді.

Бұл жерде аталған газбен уланған жағдайда қандай шаралар қолдану қажет деген сұрақ та орынды. Ең бастысы, зардап шеккен жанды жатқан қалпында таза ауаға шығару қажет. Егер де дереу шығаруға мүмкін болмаса, ағзаға газдың енуін тоқтатып (газқағар немесе портативтік дәрігерлік респиратор кигізіп), дем алуға кедергі жасайтын киімінен босату қажет. Егер зардап шегуші есін жимаса, мұрнын құстың қанатымен сипап-жыбырлату, темекі, бұрыш, пияз немесе нашатыр иіскету керек. Зардап шегуші қандай жағдайда болса да, оған міндетті түрде дереу білікті дәрігерлік көмек қажет.

Пәтерлерде және пешпен жылытылатын үйлерде тұрып жатқан жерлестерім осы ақпаратқа тиісті жауапкершілікпен қарап, үйлерінде төтенше жағдайлар туындауына жол бермейтіндеріне сенемін.

Денис ШУВАЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің

бөлім бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp