«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰЗ БЕН СПАЙСТЫҢ ЗИЯНЫ

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күзгі демалыс уақытында Петропавлдағы №32 орта мектепте оқитын жоғары сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесті. Полиция полковнигі Жанар Байғазина “тұз” және “спайс” деген атаумен белгілі препаттар туралы әңгімелеп, нашақорлық тауқіметіне тап болған отбасыларға ақыл-кеңес берді.


Басқарма бастығы Жандос Басыбаев биылғы жыл елімізде “Жастар жылы” деп, ал облыстық полиция департаментінде “Есірткісіз болашақ” жылы болып жарияланғанына назар аударып, өңір жастарымен алдын алу шаралары өткізіліп жатқанын айтты. Мектептердегі жиналыстарда тәртіп сақшылары отбасында жасөспірімдер ата-аналарымен талқылай қоймайтын тақырыптарды көтеруде. Өкінішке қарай, жоғары сынып оқушылары үйде әңгіме-дүкен құрғаннан гөрі әлеуметтік желілерге уақыт бөлгенді жөн көретіні жасырын емес. Ал нашақорлық мәселесі өте көкейкесті күйінде қалып отыр. Мұндай кездесулер барысында жиналғандарға есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының тапсырысымен түсірілген “Тұздар және спайстар. Құрдымға апарар жол” деген 19 минуттық фильм көрсетіліп, дәрістер оқылуда. Бұған қоса мектептердегі жиналыстарда заңнамадағы өзгерістер туралы да айтылды. Биылғы жылдың 5 шілдесіне дейін кейбір синтетикалық заттар есірткі қатарына жатқызылмай келген болса, енді заңнамадағы өзгерістерге сәйкес оларды сатқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

Педагогтар мен ата-аналар мұндай шаралардың қажеттігін мойындап, полицейлерге алғысын айтты. Тәртіп сақшылары биылғы оқу жылында тек мектептермен шектелмей, алдағы уақытта колледжер мен басқа да оқу орындарын қамтымақ ниетте.
Биылғы жылдың 9 айы ішінде облыста 151 есірткі қылмысы тіркелді. 393 килограмнан астам әр түрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан алынды. Соның ішінде 1 килограммнан астамы – синтетикалық есірткі.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp