Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде ұлттық спорт түрлері жақсы қарқынмен дамып келеді. Командалар жасақталып, түрлі спартакиадалар, ұлттық ойындардан жарыстар жиі ұйымдастырылуда. Жастар арасында да төл өнерге деген қызығушылықтың барын байқауға болады. 2017 жылы құрылған “Тұлпар” ұлттық ат спорты клубы бұл бағытта біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерді.
Ұлттық спорт туралы сөз қозғалса, ат спортын айналып өте алмаймыз. Қызылжар өңірінде спорттың бұл түрі таңсық емес. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің бастамасымен ашылған клубтың мақсаты – Қызылжар өңірінде ұлттық ат спорты түрлерін дамыту, республикалық және халықаралық сайыстарда облыс намысын абыроймен қорғау. Жаттығу базамыз Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында орналасса, клубтың штатында оннан астам қызметкеріміз бар. Әр ауданнан келген 35 спортшы 6 тәжірибелі жаттықтырушының жетекшілігімен көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы ату бойынша біліктіліктерін арттыруда. Барлық оқу-жаттығу жиындары жергілікті ипподромда өткізіледі. Онда спортшылардың емін-еркін жаттығуына барлық жағдай жасалған. Бірқатары өз аттарымен жаттықса, 18 тұлпарды ипподромнан жалға алып келеміз.
Осы орайда, бапкерлеріміздің тәжірибелері мол екенін атап айтқым келеді. Өңірімізде ұлттық ойындарды жандандыруға атсалысып жүрген жаттықтырушымыз Рамазан Махатовтың спорт шебері және ұлттық дәрежедегі төреші деген атақтары бар. Бірнеше дүркін облыс чемпионы болған Уәлиханов ауданының тұрғынына бүгінгі таңда көкпардан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы қызметі сеніп тапсырылған. Сондай-ақ, ол 2019 жылы ел аумағында теңге ілуден өткен барлық біріншіліктерде бас төреші қызметін абыроймен атқарды. 2018 жылы бапкеріміз әділ төрешілік жасағаны үшін Алғыс хатпен марапатталса, былтыр Ұлттық спорт қауымдастығы оны жыл қорытындысында “Үздік төреші – 2019” деп тануы біз үшін үлкен мерей. Салтанатты шарада көкпаршымыз Еркебұлан Дүйсеков республика бойынша “Үздік қорғаушы” атағына лайық болды.
Ат жалын тартып мініп, көкпар тартқан баланың рухы биік, қадамы нық болары сөзсіз. Негізгі шабандоздарымыз – Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарының өкілдері. Олардың арасынан Еркебұлан Дүйсеков, Руслан Смағұлов және тағы басқа мықты көкпаршыларды атап өткен жөн. 2018 жылы Бескөл ауылында алғаш рет ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан біріншілігі өтті. Білікті бапкерлердің жетекшілігімен жаттыққан жігіттер Қазақстан чемпионаттары мен республикалық турнирлерде үздіктердің қатарынан көріне білуде. Біз бұған дейін соңғы орындарды иеленіп келген болатынбыз. Жаттығу барысында төгілген тердің арқасында жаңа деңгейге жеттік. Мәселен, былтыр наурыз айында Таразда өткен ел біріншілігінде он бес команданың арасында бесінші орынға табан тіредік. Бәсі биік додада біздің жігіттер көкпар жақсы дамыған Алматы қаласының, Қостанай, Павлодар және Қызылорда облыстарының құрамаларынан басым түсті. Ал Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестивальда он жеті команда арасынан төртінші болдық.
Спорт клубының өзге өкілдері де жүлдеден кенде емес. Айта кетер болсақ, екі жыл бұрын “Ұлы дала рухы” атты республикалық фестивальда клуб өкілдері жамбы атудан екінші болса, аударыспақтан, теңге ілу және көкпардан үшінші орынға табан тіреді. Былтыр Қызылорда облысында жастар арасында өткен ел біріншілігінде аударыспақшыларымыз үшінші орынға ие болды. Бұл сайыста Жасылан Мағжанов (50 кг.), Мейірбек Бимағамбетов (70 кг.) және Нарбота Босов (80 кг.) спорт шеберіне үміткер нормативін орындаған болатын. Нарбота Жамбыл облысында өткен біріншілікте ересектер арасында сынға түсіп, үздік үштікті түйіндеді. Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестивальда клуб өкілі Әділ Азбаев аламан бәйгеде топ жарса, құнан бәйгеде төртінші болды. Осылайша, ол спорт шебері нормативін орындады. Осы сайыста Нарбота Босов аударыспақта үшінші орынға табан тіреді. Атырау қаласында ұйымдастырылған “Дарабоз – 2019” турнирінде Әлия Бекен жамбы атудан үздік үштікті түйіндеді. Бұл нәтижеге қол жеткізуге жергілікті “Арғымақ” балалар-жасөспірімдер облыстық спорт мектебінің жаттықтырушылары да өзіндік үлестерін қосқанын атап айтқан жөн. Әлбетте, мұның барлығы бізді жігерлендіреді. Болашақта бұдан да биік асуларды бағындыруды көздеп жүрміз.
Клубтың мұрындық болуымен өңірде ат спорты түрлерін насихаттау бағытында түрлі шаралар өтіп тұрады. Жыл сайынғы жазғы және қысқы ат спорты маусымына арналған жарыстардың біздің мекеменің тікелей қатысуымен ұйымдастырылатынын біреу білсе, біреу білмес. Бұдан бөлек Аққайың, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда филиалдарымыз ашылған. Әдіскерлеріміз бен жаттықтырушыларымыз ұлттық ойындардың ауылдарда дамуына екпін беруде. Онда тәрбиеленіп, біліктілігін арттырған балалар алдағы уақытта біздің клубтың қатарына алынады. Ат құлағында ойнап, аламандарда топ жарып жүрген шабандоздардың дені ауылдан шыққан қарадомалақтар екенін ұйымтпайық.
Руслан ПІШЕМБАЕВ,
“Тұлпар” ұлттық ат спорты клубының директоры.