«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҰЛПАРДЫҢ” АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСТЕРІ

Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде ұлттық спорт түрлері жақсы қарқынмен дамып келеді. Командалар жасақталып, түрлі спартакиадалар, ұлттық ойындардан жарыстар жиі ұйымдастырылуда. Жастар арасында да төл өнерге деген қызығушылықтың барын байқауға болады. 2017 жылы құрылған “Тұлпар” ұлттық ат спорты клубы бұл бағытта біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерді.

Ұлттық спорт туралы сөз қоз­ғал­са, ат спортын айналып өте ал­маймыз. Қызылжар өңірінде спорт­тың бұл түрі таңсық емес. Осы­дан үш жыл бұрын облыс әкі­мінің бастамасымен ашылған клубтың мақсаты – Қызылжар өңі­рінде ұлттық ат спорты түрлерін дамыту, республикалық және ха­лықаралық сайыстарда облыс на­мысын абыроймен қорғау. Жат­ты­ғу базамыз Қызылжар ауда­нын­дағы “Құлагер” ипподромын­да орналасса, клубтың штатында оннан астам қызметкеріміз бар. Әр ауданнан келген 35 спортшы 6 тәжірибелі жаттықтырушының же­текшілігімен көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы ату бойынша біліктіліктерін арттыруда. Барлық оқу-жаттығу жиындары жергі­лікті ипподромда өткізіледі. Онда спортшылардың емін-еркін жат­ты­ғуына барлық жағдай жасал­ған. Бірқатары өз аттарымен жат­тықса, 18 тұлпарды иппод­ром­нан жалға алып келеміз.

Осы орайда, бапкерлеріміздің тәжірибелері мол екенін атап айт­қым келеді. Өңірімізде ұлттық ойын­дарды жандандыруға атса­лысып жүрген жаттықтырушы­мыз Рамазан Махатовтың спорт шебері және ұлттық дәрежедегі тө­реші деген атақтары бар. Бір­не­ше дүркін облыс чемпионы бол­ған Уәлиханов ауданының тұр­ғынына бүгінгі таңда көкпардан об­лыс құрамасының аға жаттық­ты­рушысы қызметі сеніп тапсы­рылған. Сондай-ақ, ол 2019 жы­лы ел аумағында теңге ілуден өт­кен барлық біріншіліктерде бас тө­реші қызметін абыроймен атқар­ды. 2018 жылы бапкеріміз әділ тө­решілік жасағаны үшін Алғыс хат­пен марапатталса, былтыр Ұлт­тық спорт қауымдастығы оны жыл қо­ры­тындысында “Үздік тө­реші – 2019” деп тануы біз үшін үл­кен ме­рей. Салтанатты шарада көкпар­шымыз Еркебұлан Дүйсе­ков рес­публика бойынша “Үздік қорғау­шы” атағына лайық болды.

Ат жалын тартып мініп, көкпар тартқан баланың рухы биік, қа­да­мы нық болары сөзсіз. Негізгі ша­бан­доздарымыз – Уәлиханов, Ақ­жар және Тайынша аудан­да­ры­ның өкілдері. Олардың арасы­нан Еркебұлан Дүйсеков, Руслан Сма­ғұлов және тағы басқа мықты көк­паршыларды атап өткен жөн. 2018 жылы Бескөл ауылында ал­ғаш рет ұлттық ат спорты түрле­рі­нен Қазақстан біріншілігі өтті. Бі­лікті бапкерлердің жетекшілігімен жаттыққан жігіттер Қазақстан чем­пионаттары мен республикалық турнирлерде үздіктердің қатары­нан көріне білуде. Біз бұған дейін соңғы орындарды иеленіп келген болатынбыз. Жаттығу барысын­да төгілген тердің арқасында жаңа деңгейге жеттік. Мәселен, был­тыр наурыз айында Таразда өт­кен ел біріншілігінде он бес ко­манданың арасында бесінші орын­ға табан тіредік. Бәсі биік до­да­да біздің жігіттер көкпар жақсы дамыған Алматы қаласының, Қос­танай, Павлодар және Қызылор­да облыстарының құрамалары­нан басым түсті. Ал Ақтөбедегі ұлт­тық спорт түрлерінен респуб­ли­ка­лық V фестивальда он жеті ко­манда арасынан төртінші болдық.

Спорт клубының өзге өкілдері де жүлдеден кенде емес. Айта кетер болсақ, екі жыл бұрын “Ұлы дала рухы” атты республикалық фестивальда клуб өкілдері жам­бы атудан екінші болса, аударыс­пақтан, теңге ілу және көкпардан үшінші орынға табан тіреді. Был­тыр Қызылорда облысында жас­тар арасында өткен ел біріншілі­гін­де аударыспақшыларымыз үшінші орынға ие болды. Бұл са­йыста Жасылан Мағжанов (50 кг.), Мейірбек Бимағамбетов (70 кг.) және Нарбота Босов (80 кг.) спорт шеберіне үміткер нормати­він орындаған болатын. Нарбота Жамбыл облысында өткен бірін­шілікте ересектер арасында сын­ға түсіп, үздік үштікті түйіндеді. Ақ­төбедегі ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестиваль­да клуб өкілі Әділ Азбаев аламан бәйгеде топ жарса, құнан бәйгеде төртінші болды. Осылайша, ол спорт шебері нормативін орында­ды. Осы сайыста Нарбота Босов аударыспақта үшінші орынға та­бан тіреді. Атырау қаласында ұйымдастырылған “Дарабоз – 2019” турнирінде Әлия Бекен жам­бы атудан үздік үштікті түйіндеді. Бұл нәтижеге қол жеткізуге жер­гі­лікті “Арғымақ” балалар-жасөспі­рімдер облыстық спорт мектебі­нің жаттықтырушылары да өзіндік үлестерін қосқанын атап айтқан жөн. Әлбетте, мұның барлығы біз­ді жігерлендіреді. Болашақта бұ­дан да биік асуларды бағынды­руды көздеп жүрміз.

Клубтың мұрындық болуымен өңірде ат спорты түрлерін наси­хаттау бағытында түрлі шаралар өтіп тұрады. Жыл сайынғы жазғы және қысқы ат спорты маусымы­на арналған жарыстардың біздің мекеменің тікелей қатысуымен ұйымдастырылатынын біреу біл­се, біреу білмес. Бұдан бөлек Ақ­қайың, Тайынша, Ақжар, Уәли­ха­нов және Ғабит Мүсірепов атын­дағы аудандарда филиалдары­мыз ашылған. Әдіскерлеріміз бен жаттықтырушыларымыз ұлттық ойындардың ауылдарда дамуы­на екпін беруде. Онда тәрбиеле­ніп, біліктілігін арттырған бала­лар алдағы уақытта біздің клуб­тың қатарына алынады. Ат құла­ғында ойнап, аламандарда топ жарып жүрген шабандоздардың дені ауылдан шыққан қарадома­лақтар екенін ұйымтпайық.

Руслан ПІШЕМБАЕВ,

“Тұлпар” ұлттық ат спорты клубының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp