Петропавлдық «Тұлпар» ат спорты клубының мүшесі Нарбота Босов Ақтөбе қаласында өтіп жатқан ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестивалінде аударыспақ сайысында сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ, «Тұлпар» ат спорты клубының өкілдері көкпар ойынында Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының командаларын жеңіп, жартылай финалда Тараз қаласының ұжымына есе жіберді. Кейін жерлестеріміз үшінші орынға Ақтөбе облысының құрамасымен таласып, 3:2 есебімен жеңіліс тапты. Сөйтіп, 4-ші орынды қанағат тұтты.
Көкпаршылар республикалық деңгейде талай жыл жүлделі орын алып жүрген құрамаларды жеңіп шықты. Айта кету қажет, 2008 жылы Бескөл ауылында ат спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі, ал 2017 жылы «Тұлпар» ат спорты клубы құрылған болатын. Осылайша, облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін берілуде.