«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰЛҒАСЫ ТҰР ӨЗІНІҢ БИІГІНДЕ

Әдебиетіміздегі алыптар тобының көш басында тұрған академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойы туған жері, өскен өлкесі, ғұмыр бойы сағынышы басылмай өткен алтын аймағы – Қызылжар өңірінде аталып өтті. Екі күн бойы облыс орталығы мен Жамбыл ауданында мерейтойлық шаралар өтіп, қаламгердің асқақ тұлғасы дәріптелді.

Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық ме­рейтойына арналған «Сәбит Мұ­қанов: Тұлға. Дәуір. Мұра» кон­ференциясында қаламгердің ғылыми, шығармашылық мұра­сын насихаттау, зерттеу, басып шығару, есімін ұлықтауға байла­нысты ұсыныстар айтылып, шара қатысушылары мен зерт­теушілер ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынды ашқан ақын ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазақ жаз­ба әдебиетінің негізін қалаушы­лардың бірі Сәбит Мұқановтың күрделі замандарда кең тыныс­ты шығармалар тудырғанын атап өтті. Президенттің ке­ңесшісі, жазушы Мәлік Отар­баев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

«Сәбит Мұқанов – қазақ сөз өнері мен әдебиетінің аса көр­некті өкілі. Оның шығармалары әлемдік деңгейде мойындалып, 46 тілге аударылған. Жазушыдан қалған рухани мұра – әлем әде­биетінің дамуына қосылған үлкен қазына. Көрнекті жазушы қазақ даласының болмысын, халықтың арман-тілегі мен тұрмыс-тіршілігін көркем тілмен шебер су­реттеді. Қазақ әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Абай шығарма­шылығына терең бойлап, ғылы­ми зерттеулер жүргізді. Бүгінгі конференция Сәбит Мұқанов­тың шығармашылығын заманауи көзқараспен зерделеп, жас ұрпақ­қа насихаттайтын маңызды алаң», – делінген Мемлекет бас­шысының құттықтауында.

Ұлттың рухани коды санала­тын әдебиет әлеміндегі Сәбит Мұқановтың ерекше орнына тоқталған Мәлік Отарбаев жазу­шының қызы Жанна Мұқанова­ға құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады. Қызылжар жұрты­ның атынан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тектінің тұяғына ыстық лебізін жеткізіп, қа­ламгердің қылқаламмен салын­ған суретін сыйға тартты.

– Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиеті тарихындағы дара тұл­ға. Ол ХХ ғасырдағы өзгерістерді көркем тілмен суреттей білді. Ұлы тұлғаның мерейтойы – еліміздің мәдени өміріндегі елеулі белес. Біздің облыс үшін Сәбит Мұқанов тек мақтаныш қана емес, ұрпаққа рух беретін тұлға, – деді Ғауез Торсанұлы.

Конференцияда сөз сөйле­ген Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлке­нов мерейтой иесінің ерекше тұлғасына тоқталып, шығарма­шылық биігі туралы баяндады. Оның сөзінше, Сәбит Мұқанов­сыз қазақ әдебиетін елестету мүмкін емес. Жазушының ел­жандылығы туралы оның шәкірті академик Зейнолла Қабдо­лов: «Көзінің тірісінде Сәбиттей халықпен біте қайнасқан, халық алақанында ардақталған, аты аңызға айналған ақын-жазушы қазақта болған емес», – деген пікір білдірген екен. 46 жылдық шығармашылық кезеңінде Сә­бит Мұқанов өткен ғасырдағы қазақ өмірінің көркем шежі­ресін жазып, қазақ болмысын түрлі кейіпкерлер арқылы әде­биет тарихына қашап кетті. Оның заманындағы ел басшы­лары, ұлт қайраткерлері мен шығармашылық адамдарының портреті жазушы шығармала­рында жинақталған.

Шараға Алматыдан арнайы келген жазушының қызы Жанна Мұқанова осынау мерейтойды ұйымдастырған жерлестеріне алғысын білдірді. Ұрпағының айтуынша, қаламгер көзі тірісін­де туған өлкесіндегі өзгерістерге назар аударып, Қызылжар қауы­мымен тығыз қарым-қатынаста болған. Мұнысын өз шығарма­ларында да көрсете білген.

Жүрегіне бар қазақты сый­дырған Сәбит Мұқанов өзінен кейінгі ізбасар ақын-жазушы­ларға да қамқорлық жасап, әде­биет аспанында қанат жая сам­ғауына себепші болған. Бүгінде қаламгердің қамқорлығын көр­ген буын өкілдері де ұлт руха­ниятының абыз ақсақалына ай­налып отыр. Әдебиетіміздің ал­дыңғы буын өкілі Олжас Сүлей­менов те бұл шарадан шет қал­май, арнайы құттықтау жолда­ған екен.

Том-том кітаптарға жүк бол­ған қаламгер шығармалары ір­гелі зерттеулерге арқау болып келеді. Бүгінге дейін Сәбит Мұ­қанов мұрасынан кандидаттық, докторлық жұмыстар қорғаған ғалымдар көп. Жазушы шығар­маларын тереңдете зерттеп жүр­ген профессор Рақымжан Тұ­рысбек баяндама жасап, Сәбит Мұқанов өмірінің елеулі белес­теріне тоқталды.

Соңғы уақытта белгілі тұлға­ларға негізсіз күйе жағып, жала жабу үрдісінің белең алғаны көпті алаңдатып отыр. Кей әсіре белсенділердің әлеуметтік желі­де тараған пікірлері Сәбит Мұ­қанов бастаған алыптарға кө­леңке, ұлттық тұтастығымызға сызат түсіруде. Конференция қатысушылары да бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, мемле­кет тарапынан пәрменді шара қабылдау керектігін айтты. Ал ақын, Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтай өз әріптестерінің осы тақырыпты арқау етіп, депутат­тық сауал жолдағанын жеткізді. Ғалым Күләш Ахметова да бұл мәселені тереңірек қаузады.

«Сәбит Мұқановты өз заман­дастарынан бөлектеп тұратын басты ерекшелігі – ғылыми ең­бектері. Кешегі қазақ оқулықта­ры қат заманда ол оқушыларға, жоғары оқу орнының студент­теріне арнап еңбектер жазды. Оның «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» еңбегі 1931-1932 жылдары жазылды. Бұл Алаш азаматтарының қуғын көріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұ­мар Қараш сынды тұлғалардың өмірбаяны мен мұраларының бас-аяғы жинақталмай жатқан кезі еді. Бұл еңбектің пайдасын халқымыз ұлт зиялылары ақтал­ған тұста көрді. Архивтер мен құпия қорларға кіре алмаған ға­лымдардың бәрі Сәбит Мұқа­новтың осы еңбегіне сүйенді. Заманында Сәбеңнің өзі Мағ­жанды Жазушылар одағына алып, үйіне қондырып, Сәкен­мен қатар жүргені үшін партия­дан шығарылды. Алайда Алаш мұрасын зерттеушілер көп ақпа­ратты академик-жазушының ең­бектерінен алғанымен, онысын айта бермейді. Бұған кезінде ға­лым Тұрсынбек Кәкішев те ренішін білдіріп еді», – дейді Күләш Ахметова.

Қаламгердің зерттеушілік тұлғасына тоқталған Күләш Ах­метова өңір аудандарының бірін Сәбит Мұқановтың атымен атау туралы ұсынысын білдірді. 16 томдығы оқырман қолына тиген жазушының әлі де жариянбай келе жатқан еңбектері бар. Оларды басып шығару мәселесі де бірнеше мәрте көтерілді. Зерттеушілердің жобалауы бо­йынша қаламгер мұрасы 50 том­ға жуықтайды. Бұдан бөлек, белгілі адамдармен жазысқан, оқырманы жолдаған бума-бума хаттары да талай томға жүк бола­ры анық.

Жазушы өмірден өткеннен кейін оның мұрасы жинақта­лып, Алматыдағы музей-үйіне қойылған. Шарада халыққа 47 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан музейді ширек ғасыр басқарған Әділғазы Қайырбеков те сөз алып, Сәбит Мұқановтың эпистолярлық мұрасы туралы баяндады.

– Сәбит Мұқанов өз хатта­рын мұқият жинақтап отырған. Оның бәрі – мол қазына. Ол өзінің Сәйфи Құдашқа жолдаған сәлемінде ардақты тұлғамен жа­зысқан хаттарының өзі бір қор­жын болғанын жазады. Біз ме­рейтой қарсаңында осы мұраны іріктей отыра бір кітап шығар­дық. 1969 жылы Шәкәрім шы­ғармашылығын зерттеу комис­сиясы құрылғанда Сәбит Мұқа­нов «Менде Шәкәрімнің жазған хаты» бар деп талай заман сақтап келген хатты көрсетіп, зерт­теушілерді қайран қалдырған. Шәкәрімнің өз қолымен жазып, қолтаңбасы қалған қолжазба қа­ғазын осы күнге жеткізген – Сә­бит Мұқанов еді. Сонымен қатар ол Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Дина Нұрпейісовалармен хат жазысқан, – дейді Әділғазы Қа­йырбеков.

Жиынды түйіндеген Ғауез Нұрмұхамбетов конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасаған зерттеушілерге алғыс айтты.

Конференциядан кейін көпшілік Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық қазақ сазды-дра­ма театрында «Мөлдір махаббат» қойылымын тамашалады. Жазу­шының әйгілі романы негізінде сахналанған қойылымның ре­жиссері – Айдар Заббаров. Туындыда Бүркіт пен Бәтестің махаббат хикаясы баяндалады. Басты кейіпкерлерді театрдың жас актерлері Нұрсұлтан Төле­бай мен Жұлдыз Тынысбек сом­даған.

* * *

Ертеңіне мерейтойлық шара­лар Жамбыл ауданында жалға­сын тапты. Аудан орталығында мерекелік концерт, ақындар ай­тысы, спорттық сайыстар өтті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіре­пов, Сафуан Шаймерденов есімін иеленген өңірдің мәдени нысандары көрме ұсынып, ке­лушілерге өңір тарихы, қызыл­жарлық қаламгерлердің өмірі ту­ралы баяндап, құнды жәдігер­лердің тарихына тоқталды. Со­нымен қатар қолөнер шеберлері де орталық алаңнан табылып, тері, ағаш, темірден жасаған түрлі бұйымдарын ел назарына ұсын­ды. Жиналғандарды жазушының мерейтойымен аудан әкімі Аза­мат Бектасов құттықтады.

«Жазушының шығармалары – кейінгі ұрпаққа табысталған мәңгілік мұра. Жастар Сәбит Мұқановты тек қаламгер ғана емес, ұлттық болмысымызды сақтауға үлес қосқан қайраткер ретінде біледі. Мерейтойдың осы жерде өтуі бекер емес. Өйт­кені дәл осы ауданда еліміздің талай тектілері дүниеге келген. Бұл өлкені ұлт руханиятының бесігі деуге тұрарлық. Бүгін ұйымдастырылған айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен топ жарған айтыскерлер келіп отыр. Сіздерге шабыт, отты сөз бен кө­рерменнің қошеметі серік бол­сын», – деді аудан әкімі.

Орталық алаңдағы мерекелік шарадан кейін жұртшылық ау­дандық Мәдениет үйінде «Сөз зергері – Сәбит» атты республи­калық айтысты тамашалады. Ақын Аманжол Әлтай жүргізген сөз сайысына Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Серік Қа­лиев, Қойлыбай Асанов, Дәстен Баймұқанов қазылық етті.

«Бұл айтысқа алып даламыз­дың төрт құбыласынан қазақтың ең мақтаулы деген ақындары келіп отыр. Тарихымызда өшпес із қалдырған тау тұлғаларымыз­дың бірі – Сәбит Мұқанов. Сә­беңнің өскен ортасы – қасиетті Қызылжар өңірі. Кешегі ақын­дар мен серілердің топырағында өскен жазушының сан қырлы болмауы мүмкін емес еді. Ол са­налы ғұмырында әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып, ғылымның дамуына үлес қос­ты», – деді Аманжол Әлтай.

Жыр бәйгесі алматылық Шұ­ғайып Сезімхан мен қызылжар­лық Жарқын Жұпарханның ай­тысымен басталды. Сөз сайы­сында Жарқын Жұпарханның Сәбит Мұқановқа ұқсайтын сырт келбеті сөз болса, алматы­лық қарсыласының Сафуан Шаймерденов сынды ұзын бой­лы екені айтылды. Қызылжар­лық ақын қарсыласының Мағ­жанға арналған айтыста бас жүл­де алғанын еске салып, бұл жолы да «екі жеп, биге шыққысы» ке­летінін айтып әзілдеді. Мұнысы­на Жамбыл ауданындағы Аңда­мас би сынды тұлғаларды тізбе­леген Шұғайып Сезімхан:

«Биге шыққай келмедім, келіп тұрмын

Билер шыққан өлкені кө­рейін деп», – деген жолдармен жауап берді.

Жарқын Жұпарханның Сә­битке ұқсаймын деп мұрт қо­йып, тақия киіп келгеніне қар­сыласы:

«Ішіңді ілімменен толтыр­саңшы,

Сылап-сыйпай бергенше сыртыңызды», – деп тиісіп еді, ол да тоқталмастан:

«Советтің» қол-аяғын діріл­деткен,

Сәбиттің қаламымен жарған бомба.

Таңдамалы көп оқып жаз­ғандарын,

Таңданып өскен ұлмын тар­ландарға.

Сом алтын боп жаралған өр Сәбеңнің

Сомдасам образын арман бар ма? – деп елді бір көтеріп таста­ды.

Екінші жұп болып шыққан ұлытаулық Өміржан Көпбосын кешегі Кәкімбек Салықов еңбек еткен елдің сәлемін жеткізсе, Әсем Ережеқызы Абай елінің намысын қорғады. Екі ақын әр нәрсені әзіл етіп, құда мен құда­шаның әдемі айтысын жасады.

Бұл кеште Жамбыл ауданын­дағы Сәбит ауылының тумасы, жас ақын Ермек Жуминнің үл­кен айтыстағы тұсауы кесілді. Көпшіліктің аудан атынан шы­ғып тұрған жас жүйрікке деген ықыласы да ерекше болды. Көк­шетаулық Ерлан Дәулет екеуі аға мен інінің айтысын жасады.

Төртінші болып сахнаға шыққан қыз бен жігіт айтысы­ның хас шеберлері Мақсат Ақа­нов пен Жұлдыз Қожабекова кө­рерменді қыран-топан күлкіге қарық қалды. Мақсаттың:

«Қасыма қай қыз десем, бұл қыз келген,

Апыр-ай, шынымен бе Жұлдыз келген?

Бұлтты күні теңізге түскен жандай

Жұлдызды біртүрлі екен күндіз көрген», – деген сөздері­не ақтөбелік ақын да ұтымды жауап беріп, екеуі айтыстың көркін кіргізді.

Қай заманда да елдің сөзін сөйлеген ақындар бұл жолы да көптің көкейіндегі мәселені айт­ты. Айтыста тау тұлғалар туған ауылдардың жұтап, солтүстіктегі елді мекендердің жабылып, оно­мастика саласындағы мәселе­лерге нүкте қойылмай келе жат­қаны өлеңге арқау болды.

«Мұқанов «Қызылжар» деп роман жазған,

Бұл мекен болғаннан соң қызырлы әрі.

Сәбиттер сескенбепті «совет» кездің

Қылышынан тамса да қызыл қаны», – деген Жұлдыз Қожабе­кова идеологиялық жағынан ескірген атауларды жіпке тізді.

Бір-біріне сай қарсылас бо­лып жұпталған жас бөрілер Бө­кен Жігер мен Батыржан Кәдір­бай да тартысып бақты. Бө­кеннің қобызбен күңірене айт­қан толғауы, Батыржанның жі­герлі жырлары халыққа қазақ айтысының ертеңгі көшін бас­тайтын жастардың бар екенін көрсетті.

Көрерменнің тыпыршып күткені Мұхтар Ниязов пен Дәу­рен Ақсақаловтың айтысы бол­ды. Олар да қалың елдің сенімін ақтап, айызы қанардай өнер көрсетті.

«Жарты жолды ұшақпен ұшып келдім,

Жарты жолды көлікке мініп келдім,

Екі миллион халықтың сәлемін ап,

Екі мың километр жүріп келдім», – деп бастады сөзін түркістандық Дәурен Ақсақа­лов. Талай аламанды шаңдатқан үш дүркін «Алтын домбыра» ие­гері Мұхтар Ниязов қарсылас­тың әр сөзіне толымды жауап беріп, есе жіберген жоқ.

Аламан айтыс қорытындысы бойынша Әсем Ережеқызы, Жұлдыз Қожабекова, Дәурен Ақсақалов үшінші орынның жүлдесін еншіледі. Өміржан Көпбосын екінші орынды ие­ленсе, Мұхтар Ниязов пен Мақ­сат Ақанов бірінші орынға ла­йық деп танылды. Сөз сайысы­ның бас жүлдесі Қызылжардың намысын қорғаған Жарқын Жұ­парханға бұйырды.

Қазақ күресінен өткен ашық турнирде түйе палуандар ара­сында үшінші орынды Сұлтан­бейбарыс Біржанов, екінші орынды Әділ Қайыров иеленсе, Алтынбек Аусағитов жеңімпаз атанды. Үздіктер қатарынан көрінген спортшыларға ақша­лай сыйлықтар табысталды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp