«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰМАУДАН САҚТАНАЙЫҚ

Жедел респираторлы вирустық инфекция – әлемде кең тараған аурудың түрі. Бұл ауруға көбінесе балалар шалдығады. Әсіресе, үш жасқа дейінгі балдырғандар жиі ауырады. Жедел респираторлы вирустық инфекцияның ішінде тұмаудан қауіп зор. Сәбилер, жүкті әйелдер, егде жастағы және созылмалы аурулары бар адамдар абай болғаны жөн. Тұмаудың бірнеше түрі бар. Әсіресе, “А” және “В” вирусты тұмауы кең тараған.

Біздің өңірде жедел респираторлы вирустық инфекцияның маусымдық көрсеткіші бірқалыпты. Кеселдің алдын алу мақсатында желтоқсан айынан бастап облыс тұрғындарының денсаулығы қатаң бақылауға алынған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдығу 14,6 пайызға төмендеген.

Эпидемиологиялық маусымның алғашқы кезеңінде 10407 жағдай тіркелген. Облыс бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда ауру көрсеткіші 1861,32 адамды құрады. Петропавл қаласында 9731 жағдай тіркеліп, аурулардың жалпы санының 93,5 пайызын құрады.

Ауырғандардың дені, яғни 61,6 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, оқушылар арасында жаппай ауруға шалдығу тіркелген жоқ. Білім беру ұйымдарында оқу үрдісі қалыпты деңгейде өтуде. Жалпы оқушылардың 10 пайызы ғана сабаққа қатыса алмаған. Сондықтан мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

Өңірде тұмаудың негізгі белгілерін анықтаумен заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасы айналысады. Екі жүзге жуық адам тұмаудан тексеріліп, екі жағдайда алынған сынамадан “В” типті тұмау анықталды.

Тұмаудың алдын алу шараларына екпе алу жатады. Биыл тұмаудың алдын алу үшін вакцина сатып алуға облыстық бюджеттен 51,5 миллион теңге бөлінді. Оған “Гриппол плюс” вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. 2018 жылдың қазан айында облыста декреттік демалыстағы әйелдер иммундаудан өтті. Бюджеттік негізде 60 мың адамға екпе егілді. Оның ішінде 19118 бала мен 40882 ересек адам бар.

Қазір жаппай тұмауға қарсы екпе егу науқаны аяқталғандықтан, алдымен сақтық шараларын есте ұстаған жөн. Респираторлы ауру белгілері анықталған жағдайда кез келген адам өз бетінше ем қабылдаудан аулақ болып, дәрігердің кеңесіне жүгінгені абзал. Науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеп, үйді желдетіп тұру керек. Ағзаны аурудан қорғайтын түрлі дәрумендер қабылдап, өзге де емдік шараларды қолдану қажет екенін ұмытпаған жөн.

Күлпәш ТАЛАСБАЕВА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp