«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұмаудан сақтанудың жолы бар

Облысымызда жедел респираторлық вирустық инфекциямен өткен эпидемиологиялық маусымда 53 мыңнан астам адам ауырған. Бұл оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Өңірде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары басталды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күш­басовтың айтуынша, ЖРВИ-мен ауырғандардың 65 пайызы не­ме­се 35 мыңға жуығы – 14 жасқа дейінгі бала.

“Қазан айынан ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусым бастал­ды. Былтыр осы айда тұмау жұқты­рудың алғашқы деректері тіркелді. Сырқаттанғандардың 90 пайызы В типті тұмаумен ауырса, H1N1 – 8 па­йызында және H3N2 – 2 пайызында кездесті. Осы маусымда, Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бо­йынша, В вирусының қосылуымен АН1N1 және АH3N2 вирустары жү­ре­ді, соның ішінде АН1N1 вирусы­ның басым болу ықтималдығы жоғары”, – дейді Арман Күшбасов.

Облыста ЖРВИ-ді жұқ­тыр­ғандар саны артып келеді. Ма­ман тұмаудың адамнан адамға оңай таралатын және өте жедел жұқпалы ауру еке­нін айтты. Әр адам тұмау ви­руста­рына сезімтал келеді. Инфек­цияны науқас адам таратады. “Әдетте дене қызуы кенеттен көте­ріліп, жө­тел пайда болады. Бас, бұл­шықет пен буын ауырады, адамда әлсіздік болып, тамағы қырылдайды және мұ­рыннан су ағады. Жөтел 2 апта не­месе одан да көп уақытқа со­зылуы мүмкін. Ауру жеңіл де өтеді, ал кей­де тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Жылда әлемде 3-5 млн. адамда тұ­мау ауыр өтсе, соның 290-650 мыңы респиратор­лық аурулардан қайтыс болады”, – дейді Арман Күшбасов.

Тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцина. Екпе ауру­дың асқынуынан және өлімнен қор­ғайды.

Облыста 1 қазаннан бастап тұ­мауға қарсы иммундау науқаны бас­талды. Препаратты тіркелген жері бойынша емханада қауіп тобына жа­татын адамдар: медицина қызмет­керлері, медициналық ұйымда ди­спансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленуші­лері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан жандар тегін қойдыра алады. 

“Биыл облыста 60 мың адамды немесе тұрғындардың 11 пайызына тұмауға қарсы екпе салу жоспар­ланған. Ол үшін ресейлік үш валент­ті “Гриппол плюс” вакцинасы қолда­нылады. Бүгінде 714 адамға екпе салынды, басым бөлігі медицина қызметкерлері”, – дейді департа­мент басшысының орынба­сары.

Маманның айтуынша, тұмауға қар­сы вакцина ұжымдық иммуни­тет қалыптастырады және эпиде­мия­ның пайда болуына жол бер­мейді. Тұмауға қарсы вакцинациядан бас­қа, спецификалық емес профилак­ти­каны да назардан тыс қалдырмау керек, яғни адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктер­де жүрмеуге тырысу, бетперде қол­дану, аурудың белгілері бар адам­дармен тығыз байланыста болмау маңызды. 

“Тұмау вирусы ауа арқылы ғана емес, сонымен қатар лас қол, мұрын­ның, көздің, ауыздың шырышты қа­баттарымен тұрмыстық заттар ар­қылы да жұғады. Мұрын қуысын шаюды әдетке айналдырған жөн. Бөл­мені үнемі желдетіп, сулы шү­берекпен жиі сүрту де артықтық ет­пейді. Құрамында С дәрумені бар та­ғамдарды мүмкіндігінше көп тұтын­ған дұрыс. Саламатты өмір салтын ұстану да өз нәтижесін бермек”, – дей­ді Арман Күшбасов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp