Қары мен жаңбыры аралас күзде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың қозатыны белгілі. Бүгінде өңірімізде осы дертке шалдыққандардың қатары көбеюде. Соңғы уақытта 700-ден астам қала тұрғыны дәрігерлер көмегіне жүгінсе, олардың дені – жас бүлдіршіндер.
Өңірде аталған дерттің алдын алу айлығы жарияланып, қазанның бірінен екпе егу басталды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
– Тұмаумен күресудің ең тиімді тәсілі екпе болып табылады. Біздің емханада үш фильтр бөлімі жасақталып, таңертеңнен кешке дейін тұрғындарды қабылдауда. Екпе егу қарттар үйіндегі азаматтар мен балабақша тәрбиеленушілеріне, жүкті әйелдерге, денсаулығы әлсіз балаларға, сондай-ақ, медициналық қызметкерлерге тегін жүргізіледі, – дейді №3 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Салтанат Үмітбаева.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.