“Тіл – тұнық ойдың кәусары” атты республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды. Аталмыш шараға 16 мен 22 жас аралығындағы қалалық және аудандық байқаулардың жеңімпаздары қатысты.
Қатысушылар бірінші кезеңде экранға шыққан тақырыптың мазмұнын (қазақ тілінде) ашуға тиіс болды. Оларға “Отбасы – қоғамның іргетасы”, “Достық – өмір шырағы”, “Мәңгілік еліміздің – мәңгілік тілі”, “Солтүстік өңірі – аққайыңдар мекені”, “Қазақтың қолөнері”, тағы басқа тақырыптар ұсынылды.
Екінші кезеңде 30 минут ішінде: “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл”, “Солтүстік Қазақстан облысына – 80 жыл” және “Достық, бірлік, ынтымақ – ұранымыз!” деген тақырыптардың біріне (ағылшын тілінде) эссе жазды.
Ал үшінші кезеңде қатысушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу деңгейі сыналды. Онда Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбаев, Абылай хан, Манаш Қозыбаев сынды тұлғалардың өмірі мен қызметі, Ағынтай мен Қарасай батырлардың ерліктері, Алматы қаласының тарихы, мемлекеттік тіл туралы мәтіндерден үзінділер қазақ тілінде оқылып, оған орыс және ағылшын тілінде ілеспе аударма жасалды. Олимпиаданың осы кезеңі қатысушылардың қайсысына болсын ауыр тиді.
Байқау қорытындысында Жамбыл ауданындағы Айымжан орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Динара Садуова “Тіл байлығы” аталымы бойынша марапатталса, Есіл ауданы Явленка №1 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Камила Мұқанова “Ілеспе аударма шебері” атанды. “Үздік шығарма жұмысы” аталымын Ғабит Мүсірепов атындағы Новоишим орта мектебінің 11-сынып оқушысы Әлия Иманбаева иеленді.
Мағжан Жұмабаев ауданы Октябрь орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Әсемгүл Жұмабаева ІІІ орынды, Тайынша қаласы №1 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Балым Жандәулет ІІ орынды еншіледі. Петропавл қаласындағы бірінші гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қуаныш Құдабаева жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.