Абайдың сүйіп, жар етіп алған екінші әйелі Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл, өзінің естелігінде жазғанындай, Абайдың отыз екі жасында өмірге келген екен. Жастайынан Абайдың тәрбиесін көріп, өнер-білімге ерте ден қойған ол өте зейінді, алғыр болған. Әкесінің өнегесімен орыс әдебиетімен жастай танысып, соның арқасында осы тілде жатық сөйлеген, аудармашылықпен айналысқан. Әкесі туралы татымды да тиянақты естелік жазып, қалдырған. Бұл 1924 жылы Семейде Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толғанын атап өтуге арналған жиынға орай Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша жазылған естелік екенін белгілі әдебиет зерттеуші-ғалым Мекемтас Мырзахметов айғақтады. Біз биыл Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай Тұрағұлдың аталмыш естелігінен үзінді жариялауды жөн көрдік.
Менің әкемнің биографиясына керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа менің әкемнің жалпы әдетті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, я қуанған я ашуланғанын жазбағы қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көрген-білгенін қағазға түсіре білері аз болған соң, амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді.
Мен бұрын мұндай сөзді жазып, я жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емес едім. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен, сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғандай емеспін. Сондықтан әкемнің өзімнің білген қадерімше жалпы мінезін алыстан алып, кең толғап жазғым келеді. Бұл сөзді керек қылған азамат, мол бұлдан керегін пішіп-қорытып алар.
Мен – әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем кіші жамағат алғанда бастапқы бәйбішесі өзінен 2-3 жас үлкен еді, ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады деген шығар. Екінші, жалпы қолы жеткен, әлі келген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылдыланғандықтан да шығар.
Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы арыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адамымен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақытты өзіне абақтыдан кем көрмеуші еді. Сыпайылыққа салиха, әдептіленіп аяғының басқанын аңдап, аузынан шыққан сөзін санап отыратұғын адамға да, уақытқа да риза емес еді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қытықсыз келетұғын адамды аңсап сағынып, ондай адамы келгенде, баласы я туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.
Менің бала кезімде менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат сықылды ойнаған болса да қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.
Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру – жалпы әдеті. Төсегінің алдынан қалың постель төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді, қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Бірақ ол қанты алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стақанға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.
Қазақ ойнайтын ойындар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы Тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе, ол шалдардың қыстыгүні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Қойбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді.
Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталып, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақтан кезек тимегендер, я ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я картаның дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ.
Біздің қазақтың уақытқа байлығынан бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сый адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, енді отыра бер деп, өзі алаңсыз ойынына, я кітабына кіріп кетуші еді. Егер келген кісі сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тығынып қалса, оған ыза болып, енді ол айтарлық кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпадың деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай да кояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен неғып жүрсің деп сұраған жерден жүрген жұмысын айтатын болды.
Шаруа жағына көзінің қырын сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді, жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер өтіп кеткені бар ма – соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, уә айғыр секілді жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп салған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе, өзі мынау менің түйем, қойым деп бірін де танымайды, сиырды жиған кісі емес, сиыр қар теппейді, жаз болса үйдің маңайын былғайды деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді.
Қалаға барғанда, үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына ие қылып қойған жолдасы алып, сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да атшысының қалтасында жүреді. Ақша бітті десе, қайда ұстадың деп есеп алу жоқ, қайтадан ақша тауып береді. Қалада жатқанда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді. Бір жолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алыпсатар Матайбай Мәмбетбаласы деген жігіт мақтанамын деп айтыпты, сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым деп, сонда менің әкем айтып еді деп өзі айтып келуші еді: “Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді” деп, мен бірдеңе айтайын деп едім, Айтқазы Жексенайбаласы отыр еді, “тек” деп ымдаған соң үндемей ұялып қалдым деп.
Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, я өзі айтып отырғыш әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса айтып береді. Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қарекеті не екені, елдің арманы, білімнің қандайлық кезінде шығарғандығы көрінеді деуші еді. Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін: Иамшіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көрген “Мың бір түннің” кітабын оқып, алғаш біздің елді “Мың бір түнмен” таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы Густав әмір сықылды әңгіме кітаптарды оқып, елді таныстырды, біздің ел “Мың бір түннен” жалығып, орыс романдарына әуестеніп кетті.
Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отырушы еді. Бірақ Құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та, не ойлап, разы яки наразы болып жүргенімізді бүлк еткізбей сезіп коюшы еді.
Менің балам Жәбреилді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанында, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда дапылдап ұмтылып еді – қаны тартып, жүрегі сезіп тұр деп, қатты рахаттанып қалды. Мен – Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылады ғой деп едім, “Сен білмейсің” деп мені тиып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды.
Менің өзімнің де бес ауыз сөзді болса да білгеніме әкемнің осындай алыстан үміт қып қуанатұғын көңілі себеп болды, әйтпесе мұнан да әрі шірік болып қалғандай едім.
1889 жылы менің 14 жасымда үлкен шешемнен туған Райхан деген апамды, найман, Серікбай баласы Құдайбергенге беріп ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кеткенде – әкеммен екеуміз ғана үйде қалдық. Бұл жылы әкемнің белсеніп ғылым жолына кіріскен жылы екен. Артынан абайлап қарасам, әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын, баяғы көйлек, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жап етер ақ елтіріден істелген, көк сатиннен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар. Таңертеңнен кешке шейін, көбінесе кітабын оқиды да ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: бір құсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.
Бір Алдаңғор деген ұрыны, «Ұрлығыңды қой!» деп қасына көшіртіп алып, теңіне қосамын деп, әлгінің бір Мөңке деген әйел баласын асырап алған. Сол бала шайын құйып береді. Әлгі әйел балаға оңашада үйретіп қояды: “Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, солай ма, Мөңке дермін, сонда сен “солай де”, – деп.
Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар келіп қонақ болғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөйлеп-сөйлеп келіп: “Солай ма, Мөңке” десе, Мөңке! “солай” дейді, сонда әлгі қонақтар: “Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы”, – деп таңырқап қалысады, кейде сөйлеп болған соң осы сөзімнің жалғанын тапсаңыздар, көк бөркімді берейін дейді, қонақтың қытығын тарқататұғын ойыны.
Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта, жазған өлеңдерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек, менің соныма-ақ қатты қуанып, ырза болып, жолаушылар келгенде соларға мені: “Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып жалықпай тыңдады”, – деп мақтады.
Мен әкемнің аузынан шыққан сөзді пайғамбардың аузынан естігендей сеніп, адам болады екенмін деп, сол жылғы бастығымыз Шаһкерім қажы болып хақиқаты олай емес, былай деп таласып жататын санды шәкірттің қатарында болдым.
Жасында ашу мен махаббатты қатар қолданғандығынан, қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, елдің адамдары да бір жағынан жылы махаббатты жомарт мінезін сүйіп, бір жағынан жазатайым болса ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретұғын еді. Қай адам екі қатыным күндестесіп қалсын дейді, бәрі де күндестігін жоғалтқысы келетұғын шығар, бірақ жалпы адамның бұл тілегі қабыл бола бермейді ғой, менің әкемнің жоғарыдағы айтқан екі түрлі мінезінің күштілігінен шығар, менің шешем де күндестігін көрсете алған жоқ. Балаларының ойына күндестің баласымыз деген жаман ой кірген емес деп айта аламын.
Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, сонан баһра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп.
Көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: “Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады, ата, ана, ұстаз, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы?” – деп, ондай орыннан әйел бала есебінде тыю салып, қорғаштап өсіргісі келеді.
Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі 2-3 жыл салтанатын келістіріп құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салыпты. Балаларының әрқайсысына құс салғызды, бірақ ұзақ уақыт құсшы болғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. 250 шамалы құс қолыма келіп, кеткен шығар. “Тулақтың шолағындай” құс кергенім жоқ деп айтып отырушы еді. Сол кісінің осындай сапырғыш мінезі біздің елге жұғып, біздің ел бірінікін бірі алып, сапырылып жатқыш. Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп, ат пенен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді. Ендігі тарылып бара жатқан заманның қалай ауысарын кім біледі? Біздің Шыңғыстан басқа Тобықты Шыңғыстай емес, әйтсе де, басқа елден гөрі олар да бере алмай қалғанды ұятсынады. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде бес түйесін беріп Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп, бір болымсыз адамға бере салғыш еді.
СУРЕТТЕ: Абай балалары Ақылбай (сол жақта) және Тұрағұлмен бірге.