«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ ҰНЫ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕМЕС

Тұрақтандыру қоры арқылы Петропавлдағы нан-тоқаш комбинатына, ауылдық округтердегі наубайханаларға берілетін ұн облысымыздағы ең қажетті нан бағасының көтерілмеуіне, яғни 50 теңгеден аспауына жағдай жасап отыр. Бірақ тұрақтандыру қорынан берілетін ұн осы саламен тікелей айналысатын барлық кәсіпкерлерге қолайлы және қолжетімді болып отыр ма? Мәселе осында…

Өткен жылы өңір басшысы Жамбыл ауданында жұмыс сапарымен болған кезде наубайханасы бар жергілікті кәсіпкерлер тұрақтандыру қорынан берілетін ұнды сонау Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығынан әкелуге мәжбүрлеп отырғандығын, ол жердің қашықтығы ғана емес, жол жағдайы да сын көтермейтіндігін айтып, оны ұн үгу комбинаттары бар жақын аудандарға, болмаса Петропавл қаласына ауыстыруды сұраған. Булаевтік кәсіпкерлерден де Новоишимкадағы ұнға қол жеткізу оңайға соқпайтындығын естігенбіз. Облыс әкімі бұл тілектің орындылығына ерекше назар аударып, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берген болатын. Бірақ осы іспен тікелей айналысатын “Солтүстік” ӘКК мен ауыл шаруашылығы басқармасының бұл өзекті мәселені түбегейлі шеше қоймағандығына Мамлют ауданында болған кезімізде көз жеткіздік.  

Жергілікті кәсіпкерлік бөлімі мамандарының айтуына қарағанда, аудандағы ауылдық округтерде 14 наубайхана бар. Ас атасы – нан бағасын көтермеу үшін оларға, нақтырақ айтсақ, 14 наубайханаға бір айда тұрақтандыру қорынан 1 килограмы 15 теңгеден 67 тонна ұн босатылады. Оны Тайынша ауданындағы “Шахирис” ЖШС-ге барып, алып келу керек. Аталмыш аудан облыс орталығынан шамамен 150 шақырым қашықтықта орналасқанын ескерсек, мамлюттіктер 2-3 тонна ұн алып-қайту үшін кемінде 400-450 шақырым жол жүруі қажет. Сондықтан наубайхана иелері жақыннан дорбалап, нан бағасын, әйтеуір, 50 теңге деңгейінде ұстап тұруға мәжбүр болып отыр. Тайынша қаласындағы тұрақтандыру қорынан алынатын ұн – Уәлиханов, Ақжар, Аққайың аудандарының, Новоишимка ауылындағысы – Айыртау, Шал ақын және Тимирязев аудандарының кәсіпкерлеріне оңтайлы болар. Ал Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар және Мамлют аудандарындағы наубайханаларға ол қоймалар тиімді дей аламыз ба? Сонда Петропавл қаласына жақын аудандар үшін облыс орталығында ұн бөлетін тұрақтандыру қоры жасақталмаған ба?

Басшылары іссапарда жүргендіктен, мамандардың айтуы бойынша бүгінгі күні қант мәселесімен ғана айналысып отырған “Солтүстік” ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінен осы проблемалы іспен кімнің тікелей айналысатындығы жөнінде көңіл көншітерліктей жауап ала алмадық. Сонда осы күрмеуі келмей жатқан мәселеге кім нүкте қояды?

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp