«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамыр қарсаңында елордамызда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясының өтуі еліміздегі елеулі оқиға болып, барша отандастардың да, бүкіл өңірлерден осы үлкен форумға қатысқан бір жарым мыңнан астам делегаттардың да жүрегіне ұялағанын айтуды орынды санаймын. Мен де осы үлкен басқосуға өңірімізден барған 43 делегаттың бірі болғанымды бақытыма балаймын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі қоғамдық келісімнің, татулықтың, тұрақтылықтың, ұлттар бірлігі мен ынтымақтастығының қайнары болып отырғаны ол құрылған күннен бері барша әлемге айғақталған. Дүниежүзінің көпұлтты мемлекеттері, соның ішінде ТМД елдері ұлтаралық татулық пен бірліктің осы институтын “қазақстандық үлгі” деп айдарлады. Елбасымыз аталған сессияда да “Ассамблея – Тәуелсіздіктің ұлы құндылықтарының бірі!” – деп атап айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздегі өзге дүниеге үлгі боларлық рухани келісім, тұрақтылық, жасампаздық жайындағы толғамдары бойды баурайды. Ойланып қарайықшы: төрткіл дүние дүмпулерге толы, дүрлігу, солардың зардабынан соғыс өрті шарпыған мемлекеттерден әлденеше мыңдаған босқындар әлем елдерін аралап кетуде. Құдайға шүкір, біздің еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен кемелдігінің арқасында тыныштық пен бақуатты тұрмыс кешуде.

Елбасы республикамызда 1993 қоғамдық келісім кеңесі мен 820 аналар кеңесі жұмыс істейтінін тілге тиек еткенде бұлардың еліміздегі рухани келісім мен тұрақтылықтың берік негізі болып отырғанын пайымдадым.

Мемлекет басшысы сессияда “Мәңгілік Ел” патриоттық актісіне зор назар аударды. Бұл акті мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың елдің тағдырына, оның дамуы мен өркендеуіне жауапкершілігімізді зердемізге түйді.

Сессиядағы сөзінде Елбасымыз әлеуметтік сала қызметкерлері алдында тұрған міндеттерге де тоқталды. Өзімді алсам, менің мамандығым – дәрігер. Ұлтаралық келісім мен бірлікті қастерлеу үшін өз басым қаншалықты еңбек сіңіре алатынымды сезінемін. Өйткені, халқымыздың денсаулығы, саламатты өмір салтын ұстануы, жас буынды жат әдеттерден сақтау – парыз.

Ирина АНАНЬЕВА,

Тимирязев аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp