Бүгінде елімізде халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыруға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтын отбасылар аз қамтылғандар санатына жатады. Мұндай отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрлерінің бірі ақшалай жәрдемдесу және жұмыспен қамту болып табылады.
Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында табысы төмен отбасы мүшелерін оқуға, “Жастар тәжірибесі” жобасына және әлеуметтік жұмыс орындарына тарту көзделген. Бүгіндері ауданымызда 439 адам немесе 110 отбасы осындай жеңілдіктерге ие болып отыр. Елді мекендерде шағын несие алып, отбасылық кәсіп ашқан адамдар да аз емес. Еңбек етуге қабілетті тұрмысы төмен азаматтарды жұмыспен қамтудың арнайы жоспары құрылған. Осыған орай жыл басынан бері 145 отбасының (679 адам) әлеуметтік картасы жасалды, олардың 55-і – көпбалалы отбасылар.
Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде 63 отбасына (260 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, 7 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға ақшалай көмек көрсетілді. Тұрмысы төмен отбасылар тобынан жұмысқа тұрып, тіркеуге алынған 188 адам да осындай көмек түріне ие болды.
Елбасымыздың тапсырмаларын орындау мақсатында ауданымызда аз қамтылған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 67 отбасы (308 адам) ие болса, соның ішінде 27-сі – аз қамтылған көпбалалы аналар.
Аудан орталығында тұратын Камалиевтер отбасы мемлекеттің мұндай жеңілдігіне дән риза. Төрт бала асырап отырған ата-ананың еңбекақысы – 63 197 теңге. Жаңа тәртіп бойынша бұл отбасына 103 666 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып отыр. “1 сәуірге дейін бұрынғы жүйе бойынша небары 25 896 теңге алатын едік. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы 75 пайызға өсті әрі ол 12 айға тағайындалды. Отбасылық бюджетіміз айтарлықтай артып, қуанып қалдық”, – дейді ерлі-зайыпты Камалиевтер.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тағы бір тиімді тұсы сол, отбасындағы жұмысқа қабілетті жандарды еңбекпен қамту шаралары қарастырылған. Оларды оқуға, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу көзделген, шағын несиелер беру де жоспарланған.
Былтыр аталмыш бағытта біраз жұмыс атқарылды. Аудан бойынша 29 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Үстіміздегі жылдың үш айында тағы 5 адам еңбекке араласты.
Бекзат БИДАЛИНА, Есіл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.