«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРМЫСТЫ ТҮЗЕУГЕ КӨМЕК

Биыл өңірімізде 3129 көпбалалы отбасы әлеумет­тік қолдаудың қосымша түрлеріне ие болады. Ал аз қамтылғандар санатына жатқызылған 8 мыңнан астам тұрғын атаулы көмекті алды. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібі сөз болды.

Бұ­дан былай көпбалалы отба­сылардың барлығына бірдей жәрдемақы төленетін бо­лады. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Және әлеуметтік қолдаудың бұл түрі бала санына қарай сараланады. Төрт баласы бар отбасыларға – 42500 теңге, бес перзент­ке – 53125, алтауға – 63750, жеті және одан да көп балалары бар отбасыларға 73375 теңге берілмек. Бұл жөнінде жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев айтты. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі де өзгеріске ұшырап отыр. Көмектің бұл түрі бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарам­ды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, бүкіл отбасыға жәрдемақы төлемдері толықтай тоқтатылады.
2019 жылдың 1 сәуірінен бастап өңірімізде әлеуметтік қолдауға ие болғандардың қатары 13,3 есеге артқан. Жұмыспен қам­ту шараларын қоса алғанда әлеуметтік төлемдер көптеген аз қамтылған отбасылардың қиын жағдай­дан шығуына септігін тигізген. Алайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошмановтың айтуынша, табысын жасырып, жәр­демақыларды заңсыз жолмен алғысы келген азаматтар да болған. Өткен жылы атаулы әлеуметтік кө­мекті 5897 отбасы немесе 27774 адам алған. Соның ішінде құжаттары мен әлеуметтік жағдайы күмән тудырған 1152 шаңырақтың үстінен қосымша тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде нақты табысын жасырғаны үшін 705 отбасына жәрдемақы төлеу тоқтатылды. Қулығы іске аспағандардың ішінде 167-сі заңсыз жолмен алып келген соманың 14,7 млн. теңгесін қайтарған. 20 іс сотқа жөнелтілді.
Атаулы әлеуметтік көмектің үшінші бағытына сәйкес өңіріміздегі табысы аз барлық отбасылар кепілдендірілген әлеуметтік пакетке ие болады. Атап айтқанда, мектеп жасына дейінгі балалар тегін тамақпен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Бір балаға ай сайын азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі – 4707 теңге болса, гигиеналық заттарға тоқсан сайын 1750 теңге жұмсалмақ. Бүгінгі күні аталмыш көмек түрін ұсынатын 27 жеткізуші фирма анықталған. Ал аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балаларға енді тегін тамақ және жолақы шығыны үшін 2069 теңге беріледі. Сондай-ақ, биылдан бастап тұрмысы төмен отбасылардың перзенттеріне мектеп формасын сатып алуға 25 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Жаңартылған жүйенің тағы бір өзгешелігі, биылғы жылдан бастап әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылуы тиіс. Мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылған қызметтен бас тарт­қан жағдайда мұндай отбасылар әлеуметтік көмек алу мүмкіндігінен айырылады. “Облыс аумағында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында жедел топтар жұмыс жүргізуде. Біз көмекке мұқтаж жандарды қаржылай қолдаумен бірге оларға жұмыс табуға жәрдемдесеміз. Биыл қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары жалғасатын болады. Сөйтіп, есепте тұрған отбасылардың тұрмысын түзеуге ынталандырамыз”, – дейді басқарма басшысы Алмаз Қошманов.


Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp