Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының 90 жылдан астам тарихы бар. Күре жолдың бойында орналасқан елді мекеннің бір кездері атағы жер жарып тұрған еді. Тұрғындары еңбекте ғана емес, өнерде де талайды тамсандырды. Халық театрын білмейтіндер кемде-кем. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ауыл жүдеу тартқаны жасырын емес. Туған жердегі қарашаңырақты шайқалтпай, түтінін түтетіп отырған азаматтар екі қолға бір күрек таппай қалған кездер де болды.
Бүгінде ауылдағы жұмыссыздық мәселесі біршама шешілген сыңайлы. Былтыр Айымжан ауылына инвестор ретінде кірген Қуаныш Қошмұханов басқаратын “Жокей Агро” серіктестігіне аталмыш ауылдың 49 тұрғыны тұрақты жұмысқа қабылданды. Адал еңбек етіп, соған сай лайықты жалақысын алып отырған жұмысшылар қатарында көрші орналасқан Пресновка, Петровка және Святодуховка ауылының тұрғындары да бар.
Аталмыш серіктестік биыл Айымжан ауылы маңындағы жалпы аумағы 9312 гектарды құрайтын егістік алқабына дәнді-дақыл септі. Асан Бекназаров, Мәрлен Цеплов, Александр Краичинский мен Абзал Мұқашев бастаған тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын мамандар күндіз-түні егіс басында еңбек етіп, бір кездері жүдеу тартқан ауыл тұрғындарының тұрмысы түзеліп, жүздеріне күлкі кіре бастаған.
– Былтыр 4 мың гектар жерге арпа себіліп, күзгі орақ науқанында әр гектардан 11 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, 100 гектар алқапқа сұлы өсірілді. Сұлының орташа берекелілігі 11 центнерді құрады. Өткен жылы серіктестік жұмысшылары астықты жауын-шашынға қалдырмай толық көлемде бастырып алды. Былтырғы жылы жалпы сыйымдылығы 2 мың тонналық астық қоймасына және әкімшілік кеңсеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кеңсе жанынан сырттан келген жұмысшыларға арналған жатын бөлмелер, асхана салынды, – дейді серіктестік басшысы Қуаныш Қошмұханов.
Үстіміздегі жылғы жоспар да ойдағыдай іске асырылуда, нақтылай түссек, бидай – 2318, арпа – 1582, бұршақ – 543, зығыр – 1064, бұрыш 620 гектар жерге себілген. Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қажетті 20 шақты әртүрлі техника сатып алыныпты. Сонымен қатар ұры-қарыдан сақтану мақсатында өндіріс орнына бейнебақылау камералары орнатылды. Серіктестік басшысы хабарлағандай, биыл минералды тыңайтқыштар көптеп сатып алынып, 3185 гектар алқапқа тыңайту шаралары толықтай жүргізілген. “Ауыл тұрғындарының алаңсыз еңбектенуі үшін жұмысшыларға әр айдың соңында жалақы төленіп, үш мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі. Бүгінгі күні механизаторларға төленетін орташа еңбекақы мөлшері 130 мың теңгеге жетіп отыр”, – дейді серіктестіктің есепшісі Мерген Жүнісов.
Жылдар бойы игерілмей жатқан жерлерді қайта гүлдеткен серіктестік ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып, түрлі мерекелерді тойлауға демеушілік етіп келеді. Мәселен, Қарттар күні ауылдағы зейнеткерлерге дастарқан жайып, мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетті. Айымжан ауылының көшелерін бұрын қыста қар алып, боранды күндері тұрғындарға жүріп-тұрудың өзі қиындық туғызатын. Жаңа инвестор келгелі ауыл азаматтары бұл проблеманы да ұмытты. Қыс бойы ауылдағы қарды тазалауға екі техника бөлінген. Серіктестік биыл Айымжан ауылындағы машина-трактор базасына және астықты қайта өңдейтін кешенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбекші.
Жер-Анаға күтім жасап, атакәсіпті дамытуды қолға алған фермер көрші ауылдарда тұратын жұмысшыларын Айымжанға көшіріп әкелуді де жоспарлап отырған жайы бар. Яғни, болашақта ауылда құрылыс жұмыстары қарқын алады деген сөз. Қазірдің өзінде жаңа үйлер салынуда. Мәселен, өткен жылы “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы аясында Айымжан ауылына үш отбасы көшіп келгенін де айта кеткен жөн. Қоныс аударушыларға арналып елді мекенде үш тұрғын үй салынған.
Игілік РАХМЕТОВ.
СУРЕТТЕ: серіктестік басшысы Қуаныш Қошмұханов жұмысшылармен бірге қырман басында.
Жамбыл ауданы.