«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СҮЙІКТІ ОРНЫ

Нарыққа өтпелі кезеңде жүдеңкіреп қалған ауыл кітапханаларының жұмысы қайта жандана бастады. Жақында Тайынша ауданының Келлеровка ауылына іссапармен барғанымызда осыған куә болдық.

Келлеровка ауылдық кітапханасының оқу залының библиограф-әдіскері Сандуғаш Боранбаеваның берген мәліметтеріне сүйенсек, үш бөлімнен тұратын кітапхананың 1350 оқырманы бар. Ондағы 500 оқырман оқу залына ұдайы келіп тұрса, қалғандары абонементтің қызметін пайдаланады. Ауылдағы орта мектепте оқитын оқушылардың басым бөлігі – аталмыш кітапхананың оқырманы. Мұғалімдер де жұмыс барысында қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын осы жерден табады.

Кітапхана қоры аудандық бюджет есебінен толықтырылып отырылады. Қордағы кітап саны 43 мыңға жеткен. Соңғы жылдары сұраныстың ұлғаюына байланысты қазақ тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар көбейген.

Кітапханашылар кітап сөрелерін жаңа басылымдармен толықтыру және оқырманға тартымды қызмет көрсетумен қатар, қазақтың ұлттық өнері мен құндылықтарын насихаттауға да белсене атсалысуда. Мұндағы ұйымдастырылған көрмеде жергілікті қолөнерші Дәуей Шатырбайұлының да туындылары көп. “Жиналған қауымның көз алдында қазақтың салт-дәстүрінен, қолөнерінен, тарихынан жәдігерлер тұрса, қосымша танымдық ақпарат алуға мүмкіндік ұлғаяды”, – дейді ол.

– Оқырмандар азайып бара жатыр деп кітапханаларды жауып тастау дұрыс емес. Елді мекендерге мұндай орталық қажет. Ауылдықтардың барлығына интернет желісі қолжетімді емес. Біздің елді мекенде Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген оралман ағайындар көп. Олардың кітапқұмарлығына сүйсінуге болады. Сондай-ақ, біз олардың ортаға сіңісіп кетуіне көмектесеміз. Демалыс күндері үлкендер келіп, оқу залымызда кітап, газет-журнал оқып, өздерінше демалады. Сондай-ақ, оқушылар мектеп бағдарламасын тереңдетіп оқу үшін есігімізді жиі ашады. Тұрғындар ауылымызда осындай кітапхананың сақталып қалғанына ризашылық көңілдерін білдіргенде жұмысымыздың одан әрі жандана түскенін қалаймыз, – дейді Сандуғаш Жанәбілқызы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: С. Боранбаева.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp