«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕКТЕРІ ОРЫНДАЛДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз атына Петропавл қаласы тұрғындарынан түскен шағымдар бойынша бірқатар мекенжайларға барды. Мәселен, Жұмысшы кентіндегі Минск көшесінің тұрғыны Светлана Милехина жолға қиыршықтас төсеуді және ағынды су кәрізін тазалатуды сұраған екен. Айтқан өтініші жерде қалмапты. Берген тапсырмасының қаншалықты орындалғанын тексере келген өңір басшысы Ерік Сұлтановқа өз алғысын жеткізді. Өңір басшысы жергілікті тұрғындарға облыс орталығындағы көшелерді жөндеу жұмысы алдағы уақытта да жалғасатындығын жеткізді.

Осы кенттегі Лазутин көшесінің тұрғыны Бағит Қанабаев та жолға қиыршықтас төсеу бойынша ұжымдық өтініш жазыпты. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасымен “Петробилдинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Лазутин, Урожайный, Побелянский көшелеріне қиыршықтас төсеген. Үстіміздегі жылы қара жолдарға қиыршық тас төсеу үшін 131 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Осының арқасында Жұмысшы кентінің 11 көшесіне қиыршықтас төсеуге мүмкіндік туған.

Осыдан екі апта бұрын өңір басшысына Ж.Қизатов және Семашко көшелері қиылысында жолдың ағын су кәрізімен қоса шөгіп жатқандығы, су астында қалатын жер телімін қалпына келтіру бойынша өтініштерін жазған қос зейнеткер – Анатолий Подкорытов пен Валентина Демина қазіргі таңда аталмыш мәселелерінің шешіліп жатқандығына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, көз алдарындағы Мещан орманындағы ағаштардың кесіліп жатқандығына алаңдаушылық білдірген зейнеткерлер ол жерді балалар саябағына айналдыру қажет деген ұсыныстарын жеткізді.

Ал сол маңдағы 1-ші Кірпіш көшесінің жөндеу көрмегеніне біраз жыл болыпты. Соңғы жылдары амалдары таусылған жергілікті тұрғындар өз қаржыларына қиыршықтас сатып алып төсегенімен, мәселелері шешілмепті. Облыс әкімі шағымдарын жеткізген тұрғындарға алдағы уақытта аталмыш көше жөнделеді, деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp