«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ТЫҢДАЛДЫ

Облыс әкімі, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында және Тайынша ауданында қоғамдық қабылдау өткізіп,  азаматтардың  өтініштерін тыңдады. 

Өңір басшысына облыстық мәслихаттың депутаты Ғафура Бөстекова әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасы балаларының әмбебап теннис орталығына тегін баруын ұйымдастыруды сұрады.

– Теннис орталығында тегін топ жоқ. Ал жаттығу ақысын әлеуметтік жағынан әлжуаз және көпбалалы отбасылардың қалтасы көтермейді. Ай сайын 15 жастағы балалар – 16 мың теңге, 11-14 жас арасындағылар 14 мың теңге төлеуі керек, – деді халық қалаулысы.
Облыс әкімі биылғы жылдың          1 желтоқсанынан бастап аталған санаттағы отбасылардың балалары үшін тегін топ ашылатын болды. Қазір жаттықтырушылар құрамы жасақталуда.
– Тұрғындар әлемдік талапқа сай салынған әмбебап теннис орталығының игілігін көруі керек. Тегін топ жүйелі жұмыс істеуі үшін облыс бюджетінен қаржыланды-рылады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тұрғындары “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кесірінен жергілікті жерде экологиялық ахуал күрт төмендегеніне наразы. Ауылдастарының шағымын жеткізген Болат Бейсенбаев соңғы жылдары елді мекенде өлім-жітімнің көбейгенін, тұрғындардың сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай отырғанын, талай жылдан бері жолдың жөнделмегенін, жарық тартылмағанын айтты. Тіпті, жаз бойы белгісіз біреулер ауылдың іргесінен заңсыз түрде қиыршықтас өндіріп, пайда тапқан.
Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдуллаев Бұлақ ауылының әлеуметтік жағдайы жақсы екенін айтып, сендіруге тырысқанымен өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындардың босқа шағымданбайтынын ескертті. Көтерілген мәселелер ауыл тұрғындарының қатысуымен егжей-тегжейлі тексерілетін болды.
Петропавл қаласының тұрғыны Ботагөз Баймағамбетова жол полициясындағы тіркеу-емтихан бөлімдерінің таратылуы салдарынан аудан тұрғындары қажетті анықтаманы алу үшін облыс орталығына келуге мәжбүр екенін айтуға келген екен. Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын алу мақсатында тіркеу-емтихан қызметі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына берілгенін түсіндірді. Аудан тұрғындарына анықтама алу үшін Петропавл қаласына келудің қажеті жоқ. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері қажетті құжатты полиция департаментіне қашықтықтан онлайн режімде сұрау жіберу арқылы ала алады. Тек жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындар ғана облыс орталығына келуге міндетті. Тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырған бұл мәселе республикалық деңгейде қарастырылып жатқанын да айта кеткен жөн.
Осы күні өңір басшысы “Nur Otan” партиясының Тайынша аудандық филиалында да азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан тұрғыны Владимир Чёрный жергілікті бюджетке салмақ түсірмеу үшін Чкалов ауылындағы әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған желіге қосу жөнінде ұсынысын білдірді.
– Чкалов ауылына зығыр сабаны жағылатын жылыту қазандығын орнатып, оған әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығын қосу қажет. Осылайша, бюджет қаржысын үнемдейміз, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Ал Роза Бодаев Ясная Поляна-Зеленый Гай және Тихооеканское бағытындағы асфальттың тозғанын жеткізді. Жолдың нашарлығынан екі жылдан бері автобус қатынасы да тоқтатылған. Осының салдарынан оннан астам елді мекен тұрғындарының жол жүруі қиындап отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жолға қиыршық тас төселіп, тегістелетінін айтты. Сонымен қатар санаулы күннің ішінде жолы шұрық-тесік елді мекендердің тізімін жасап, жөндеу жұмысына кірісуді тапсырды.
Тұрғын үймен қамту мәселесі тайыншалықтарды да толғандырып отыр. Бүгінгі таңда аудан орталығы бойынша 800 адам баспанаға мұқтаж болғанымен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған тұрғын үйлер халықтың тек әлжуаз тобына арналған. Ал мұғалімдер мен дәрігерлерге, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына Тайынша қаласынан үй берілмейді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев мамандарды баспанамен қамту үшін өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қажет екенін айтты.
Қоғамдық қабылдауға келген Қайрат Хасенов – ірі қараның бабын білетін фермерлердің бірі. 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып отырған ол сүтті бағыттағы ірі қараның басын көбейту мақсатында  Чехиядан  64 бас тайша алыпты. “Сыбаға” бағдарламасы аясында сырттан мал әкелген кәсіпкердің шығынының тең жартысын мемлекет өтейтіні белгілі. Бірақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы фермердің өтінішін қабылдамай, Қайрат Хасенов тиісті субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Белгілі болғандай,  бұған дейін субсидия беруге өтініштер қаржының жоқтығынан қабылданбаған екен. Қазан айында облыстық әкімдіктің қаулысымен  қаржы қайта бөлінгендіктен 4 қарашадан бастап сүтті және етті бағыттағы мал басын субсидиялауға өтініштер қабылдана бастайды.
Ал “Донецкое-Нұрлы жол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы Чехиядан алған 90 бас тайшаны елге жеткізе алмай, қолдары жіпсіз байланып отыр. Себебі, Чехия ірі қараны экспорттауға уақытша шектеу қойған көрінеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы Арман Өтеғұловпен телефон арқылы сөйлесіп, келеңсіз жағдайды бақылауға алу керектігін айтты.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Берік ҚАСЕН,
журналист.
Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp