Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов «AntikorLive» жобасының тікелей эфирінде жаңа оқу жылына дайындық және мемлекеттік мекемелердің жұмысы жайлы баяндады.
– Биылғы жаңа оқу жылы бірқатар өзгерістермен басталады. 17 мың бала штаттық режімде, барлық санитарлық талаптар мен ережелер сақтала отырып оқытылады. Өңіріміздегі эпидемиялық жағдай нашарласа, біз оларды қашықтағы форматқа көшіреміз. Алайда, облыста 70 мыңнан астам оқушы бар екенін ескерсек, оқушылардың біраз бөлігі қашықтан оқиды. Сондықтан оларды компьютермен, интернетпен қамтамасыз ету керек, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов қзіргі таңда компьютерлер сатып алынып жатқанын жеткізді. Бұл үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлінген. 25 тамыз күні 2000 компьютер сатып алынады. Кейбір елді мекендерде интернет сапасының, жылдамдығының нашарлығы шешілуде. Дегенмен, жиырмадан астам ауыл интернет желісімен қамтылмайды, сондықтан олар әдеттегідей штаттық режімде жұмыс істейді. Балаларды мектепке жеткізу үшін арнайы көліктер де әзірленген.
Өңіріміздегі 79 мемлекеттік мекеме ашық форматта жұмыс істейді, ал 95 басшы бірінші қабатта азаматтарды қабылдау бөлмелерін ашты. «Әкімдіктердің ашық форматта жұмыс істеуінің жағымды тұсы көп. Бүгінгі күні тоғыз әкімдік осы қағидаға бағынады. Жыл соңына дейін тағы төрт әкімдік ашық форматқа ауысады деп жоспарлап отырмыз. Осының арқасында адамдар мемлекеттік қызмет алу үшін қаншама есік қағып, кеңселердің табалдырығын тоздырмайтын болады. Әкімдіктердің бірінші қабатында жер мәселесі, сондай-ақ, құжаттарды ресімдеу бойынша жоғары сұранысқа ие қызметтер көрсетілетін бұрыш жасалады», – дей отыра, Ғани Нығметов Петропавл қалалық әкімдігінің табысты жұмысына тоқталып, ауылдық жерлерде де осындай форматтағы қызмет түрін ұйымдастыру керектігін айтты.
Өкінішке қарай, карантинге байланысты қазір құжат қабылдау, құжат беру қызметтері онлайн режімде жүргізілуде. Бірақ өңіріміздегі эпидемиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін бұрынғыша жұмыс істейтін болады. Облыс әкімінің орынбасары аталған салада тоқталып өтер тағы бір жаңалық – Агро көмектің ашылуы жайлы тілге тиек етті. Яғни, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында фермерлер мен кәсіпорындарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін арнайы орын дайындалды.
Ғани Нығметов тікелей эфир барысында «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесі жұмысының нәтижесінде шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. «Кеңсе мүшелері жолдардың сапасына ерекше назар аударатынын айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы жолдар жөнделіп, жаңа жолдар салынуда. Көшелерді жарықтандырып, жол және басқа да құрылыс жұмыстарын қадағалаймыз. Жаңа үйлердің құрылысына қомақты қаражат бөлінуде. Сонымен қатар, қаржыны бөлу және құрылыс жұмыстарының барысын арнайы бақылау қажет. Осыған байланысты қоғамдық бақылау құрып, көпшілік үшін ашық форматта жұмыс істеуі керек. Кез келген тұрғын бізбен байланысып, өз көзқарасын білдіре алады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау жүйесінің ғана емес, қоғамдық жүйе мен мекемелердің жұмысы. Сондықтан бұл –құндылықтарды қалыптастыру бойынша үлкен идеологиялық жұмыс», – деді Ғани Нығыметов.
Сондай-ақ, өңірімізде «Халықтық бақылау» порталы іске қосылып, онда тұрғындар түрлі сұрақтар мен өтініштерін білдіре алады. Жыл басынан бері түскен 116 өтініштегі барлық мәселелер уақытында қарастырылған. Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін облыс әкімі тұрғындарды қабылдау тәжірибесін қайта бастайды. Ғани Нығметовтың айтуынша, тұрғындарды автобус қызметі, сумен жабдықтау, жол, электр энергиясы мәселелері толғандырады. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелерді шешуге баса назар аударылады. Нәтижесінде үстіміздегі жылы 270 елді мекенде жолдар, мектептер, ауруханалар жөнделуде, жарықтандыру және сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.