«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев тұрғындар алдында есеп берді. Бұл шара 1500-ден астам адамды қамтыды. Олардың басым бөлігі есепті кездесуге бейнеконференц байланысы режімінде және әлеуметтік желілердің тікелей эфирі арқылы қатысты. Бұл формат, әсіресе, шалғайдағы аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Өйткені олар бейнебайланыс арқылы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

 Марат Төлебаев баяндағандай, былтыр өңірде 6382 қылмыс тіркелген. Бір қуантарлығы, қылмыс деңгейі 7,4 пайызға төмендеген. Әсіресе, адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық шабуыл жасау, бопсалау, ұрлық пен тонау азайған. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 28 пайызға кеміген. Сондай-ақ, департамент бастығы алаяқтық қылмысының өршіп тұрғаны алаңдатып отырғанына да тоқталды. Мұндай қылмыстардың жартысынан астамы интернет арқылы жасалған. Талдау көрсетіп отырғанындай, негізінен онлайн-несие ресімдейтін немесе ғаламтор арқылы тауар сатып алатын 18 бен 35 жас аралығындағы адамдар қылмыс құрбанына айналады. Департамент бастығы мұндай қылмыстардың алдын алу шараларына жеке-жеке тоқталды.
Одан кейін есепті кездесу ашық диалог түрінде жалғасын тауып, оның барысында тұрғындарды алаңдатып отырған қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Пәтер иелері кооперативі төрайымы Лариса Винокурованың айтуынша, көппәтерлі үйлердің тұрғындары подъездерде бейнебақылау жүйесін орнатуды жоспарлап отыр. Марат Төлебаев бұл құптарлық іс екенін айтып, қылмыстарды ашу мен алдын алуға көмек көрсеткен қалалықтарға алғыс білдірді. «Заманауи техникалық құралдарды пайдалану біздің жұмысымызға көп пайдасын тигізеді. Бейнебақылау жүйесін пайдалану нәтижесінде ашылған қылмыстардың саны артуда», – деп ата көрсетті Марат Төлебаев.
Консультациялық-кеңесші органның мүшесі Бақытжан Сәмиева тәулікке жалға берілетін пәтерлерге қатысты алаңдатушылығын білдірді. Қала тұрғындары өздерінің тынышын алып, бейуақытта мазалайтын пәтер жалдаушылардың тәртібіне наразы. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар аулаға көліктерді заңсыз қою, кіреберістерде темекі шегу мәселелерін де қарастырды. Облыстың бас полицейі әр мәселе бойынша түсініктеме беріп, нақты жағдайларға заңнама тұрғысынан тоқталды. Сонымен қатар, Марат Сағынтайұлы көші-қон заңнамасына, Қылмыстық кодекске, әкімшілік заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы да әңгімеледі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp