«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Облыстық полиция департаменті, полиция полковнигі Марат Төлебаев “Береке” шағын ауданының тұрғындары үшін көшпелі қабылдау ұйымдастырды. Бұл жиында сонымен қатар 2-ші қалалық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов өзі қызмет көрсететін аумақ тұрғындары алдында есеп берді.

Департамент бастығының №25 орта мектепте азаматтарды қабылдайтыны туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланған болатын. Оның жеке қабылдауына үш адам келді. 2-ші қалалық полиция бөлімінің есебін тыңдауға келген жұртшылық мектептің мәжіліс залын лық толтырды. Бұл бөлім вокзал, Жұмысшы кенті, “Береке” шағын аудандарын және орталық көшелердің бір бөлігін, жеке меншік секторды бақылайды. Полиция майоры Руслан Сыздықовтың айтуынша, бұл маңайда қылмыстарға негізінен ішімдік пен бұрын сотталғандардың жұмыссыздығы себеп болып отыр. “Қылмыстарды ашу және алдын алу шаралары нәтижесінде қылмыс деңгейін 6,9 пайызға төмендетуге қол жеткіздік. Бопсалау, тонау, ұрлық сияқты келеңсіз оқиғалар сиреді. Алайда, ауыр қылмыстар саны артты”, – деді Руслан Сыздықов.
Қылмыстардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында Марат Төлебаев бірқатар тапсырмалар берді. “Учаскелік инспекторлар тұрғындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Ауыр қылмыстардың жолын кесу үшін алдын-алу жұмыстарын жандандырған жөн. Учаскелік қосындарды аралап, бірқатар ескертулер жасадым. Сіздер түскі үзіліс кезінде де жұмыс істеп, тұрғындарды қабылдауға тиіссіздер”, – деді Марат Төлебаев.
Қалалық мәслихат депутаты Владимир Витченко қалалықтардың қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз ету үшін қанша бейнебақылау камерасы қажет екенін сұрап білді. “Береке” шағын ауданының тұрғыны Евгений Медведев Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы автотұраққа қатысты мәселе көтерді. Бұл маңда таңертеңгілік және түс мезгілінде көлік  көбейеді. Марат Төлебаев әкімшілік полицияға мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге, сондай-ақ патрульдік экипаждарды осы маңға жақындатуға тапсырма берді.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp