Парламент Мәжілісінің депутаттары Петропавлда өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейін бағдарламасы бойынша жөнделген үйлердің тұрғындарымен тілдесті. Сондай-ақ, «Береке» шағынауданындағы 100 пәтерлі тұрғын үйге барды.
Бүгінгі таңда облыс орталығында 1086 көпқабатты тұрғын үйдің 80-нен астамының тозығы жеткен. 120 лифтінің ішінде істен шыққаны көп. Қалалық бюджетте бұлардың барлығын жөндеуге қажет қайтарымды қаражат жеткіліксіз. Десек те, өткен жылы қалалық бюджеттен бөлінген қайтарымды қаражаттың есебінен Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 1982 жылы салынған бес қабатты тұрғын үйдің шатыры мен кіреберісі жолдары жөнделіпті. Мәжілісмендер Абай Тасболатов пен Петр Шарапаев тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын жөндеуге жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігінше көмектескенімен, жертөленің күтімі тұрғындардың міндетіне жататындығын айтты.
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасының мақсаты – мемлекет пен үй иелерінің арасындағы жауапкершілікті бөлу. Бұрын ПИК бірнеше үйді қамтыса, қазіргі заң жобасы бойынша жеке үй – бұл мүліктің жеке меншік иелері. Олар тек пәтер сатып алып қана қоймай, бүкіл үйдің жылумен, сумен қамтамасыз етілуін, аулада не болып жатқанын қадағалауы тиіс. Лифтілерді жөндеу және ауыстыру кезінде мемлекет зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға, көп балалы отбасыларға көмек көрсетеді, – деді Петр Шарапаев.
Мәжілісмендер «Береке» шағынауданында өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 100 пәтерлі тұрғын үйді аралады. Тұрғындардың арасында 30 көп балалы отбасы, 14 жетім бала мен ардагерлер бар. Халық қалаулылары Кәрібай Мұсырман мен Сергей Звольский жүргізілген жұмыстардың сапасын көріп, тұрғындармен әңгімелесіп, облыс орталығындағы коммуналдық-жалгерлік тұрғын үй құрылысының жағдайы туралы білді. Қазіргі таңда өңірімізде 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Ал осындай тұрғын үйлердің салынуы пәтер тапшылығын шешуге септеседі.