Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында қыс маусымында өрттің алдын алу шараларына арналған семинар өтті.
Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі және ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері азаматтарға жылу беру кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін, үйлердің шатырлары мен жертөлелерінде тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалардың тұруларына шек қою бойынша шаралар қолдану, үй ішіндегі электр желілерін пайдалануда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жайын түсіндірді. Ақжар аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің аға инженері, өртке қарсы қызмет майоры Арман Сабыров халыққа өрт болған жағдайда тиімді әрекет ету жолдарын айтып, жану факторларының статистикалық мәліметтерін мысалға келтірді.
Семинар барысында өрттің алдын алу және өрт қауіпсіздігі ережелерін оқу-үйренуге бағытталған бейнетаспа көрсетілді.
Бұл шараға қатысқан 59 адамның әрқайсысына тақырыптық жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылды. Осындай семинарлар басқа елді мекендерде де өткізілетін болады. Өйткені, өртке қарсы қарапайым нормаларды сақтамау үлкен қайғылы оқиғаларға әкелетінін жергілікті тұрғындардың түсінуі өте маңызды.
Ролан ЖАНБАЕВ,
Ақжар аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің аға инженері, өртке қарсы қызмет майоры.