«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан электр тарату желісі осы айда төртінші рет үзілді. «Севказэнерго» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, 110 кВт әуелік электр сымы кезекті рет зақымданғандықтан электрмен жабдықтауды шектеуге тура келген. Яғни, 28 мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Тұрғындардан бөлек әлеуметтік нысандар –ауруханаларда, мектептер мен балабақшаларда да жарық сөндірілді. Апаттық қызмет мамандары үзілген сымды қалпына келтіргенше тұтынушыларды басқа желіге қосты.

Мамандардың айтуынша, электр желісінің бұл жолы зақымдануына қорғалатын аумақта энергетикалық компаниямен келісілмей ауыр жүк көлігімен жер төгу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған. Бұған дейін, 27 мамыр күні дәл осы ауданда қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан 110 кВт желі зақымдалған.

Компания өкілдері апаттың энергетиктердің кінәсінен емес, қорғау аймағында жұмыс жүргізген кәсіпкердің жауапсыз әрекетіне байланысты екенін хабарлады. Барлық технологиялық бұзу фактілері тиісті актілермен рәсімделіп, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне, прокуратураға және басқа да бақылаушы органдарға ресми түрде жолданады.

– Электр желілерінің қорғау аймақтарында қандай да бір жұмыстарды энергетикалық компаниямен келіспей жүргізуге қатаң тыйым салынады. Электр қондырғылары мен қорғау аймақтарының пайдалану ережелерін бұзу электр желісінен жаппай ажыратуға себеп болып, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Инфрақұрылымға зиян келтіргендер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді компанияның баспасөз хатшысы Динара Ходжаева.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp