
Петропавлда Ішкі істер министрлігі қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Полиция органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған жиынға облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, аталмыш кеңестің төрағасы Марат Қоғамов және Қазақстанның адвокаттар одағының президенті Әнуар Түгел қатысты.
Елордадан келген меймандар алдымен солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының жұмысын ұйымдастырудағы заманауи әдіс-тәсілдермен танысты. Олар департаменттің жедел басқару орталығында, арнайы мұрағатта, мұражайда, жатақханада және Петропавл қалалық полиция басқармасының фронт-офисі мен кезекші бөлімінде болды. Сондай-ақ, меймандардың назарына полиция мен “Алтын бесік” мектепалды мекемесінің бірлескен жобасы ұсынылды. Атап айтқанда, балғындар ІТ саланың жетістіктерін пайдаланып, болашақта жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған құрылғылар жасаған. Кеңес мүшелері өскелең ұрпақ өкілдерінің озық идеяларын тамашалап, ризашылықтарын білдірді.
Жиында Антон Федяев тұрғындардың сенімін арттыру мақсатында облыстық полиция департаментінің барлық бөлімшелері қызмет көрсетудің жаңа моделіне көшірілгенін атап айтты.
– Алғаш рет қолға алынған шараның диалог алаңы ретінде облыстық полиция департаментінің таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені, өткен жылдың қорытындысы бойынша ведомство жанындағы консультативтік-кеңестік органның жұмысы республикада үздік деп танылды. Қазіргі таңда аталмыш департамент полицияның ашықтығы мен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған органмен өзара тығыз байланыс орнатқан. Бүгінгі шара полиция жұмысын одан әрі жетілдіре түседі деген сенімдемін, – деді Антон Владимирович.
Бұдан соң журналистер үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов атап өткендей, полиция қызметінің тиімділігін арттыруда фронт-офистердің рөлі зор. Өйткені, тұрғындар кез келген мәселе бойынша білікті мамандардың ақыл-кеңесін алуда. Сонымен қатар Марат Шекішұлы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмысына қоғам болып жұмылу қажеттігін алға тартты. Өйткені, бүгінгі таңда тұрғындар бұл міндетті тәртіп сақшыларының иығына арта салған. Сол себепті, заңсыздыққа төзбеушілікті бала жастан қалыптастыру маңызды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләловтің айтуынша, қазіргі таңда өңірімізде 16 фронт-офис жұмыс істейді. Оның үшеуі облыс орталығында болса, қалғаны аудандарда орналасқан. Сондай-ақ, жыл басынан бері 1204 бейнекамераның көмегімен 272 қылмыс ашылып, 3762 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Электронды форматта 367 қылмыстық іс аяқталып, 2 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ, бөлім басшыларының әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығуы да полиция жұмысына серпін беруде.
Биыл ішкі істер органдарын оңтайландыру аясында департаменттің жеке құрамы 10 пайызға, бірнеше бөлім мен бөлімше басшыларының лауазымдары қысқартылған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.