Облыс әкімі, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Өңір басшысына базынасын айта келгендердің бірі – аудан орталығының тұрғыны Кристина Наймантаева. Ол бірнеше жылдан бері пәтер кезегінде тұр екен. Нұрғайша Қазақбаеваның да мәселесі тұрғын үйге қатысты болды. Төрт баланың анасы апаттық жағдайдағы үйде тұрады. Аудан әкімі Бейбіт Исмановтың айтуынша, қазіргі уақытта әкімдікте 1047 адам пәтер кезегінде тұр. Аудан бойынша бос тұрған 891 пәтерлік көпқабатты 17 тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда агротехникалық колледждің бұрынғы жатақханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Бюджеттен жөндеу жұмыстарына 151 млн. теңге бөлінген жағдайда 29 отбасы баспаналы болады.
Тұрғындардың өтінішін тыңдаған Құмар Іргебайұлы тиісті басшыларға тапсырмалар беріп, аудан әкімі Бейбіт Исмановқа әлеуметтік көмек сұраған азаматтарға мүмкіндігінше қолдау көрсету қажеттігін ескертті.
Ауыл тұрғыны Татьяна Гайдаренко Строительная көшесіндегі үйлерді жаңадан салынып жатқан орталық қазандыққа қосу мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында аудан орталығындағы үйлерді жылу қазандығына қосу жұмыстары қолға алынуда. Келісімшартқа сәйкес бас мердігер “Қазбайлық Астана” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3,96 шақырымдық жылу жүйесін салуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, Строительная көшесі бойына да жылу құбыры тартылады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 319,1 млн. теңге бөлінбек.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда Светлое ауылындағы “Жарқын СҚ” ЖШС-нің үлескерлері мен жұмысшыларына бірнеше айдан бері пай мен жалақы бермей отырғаны жеткізілді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жұмысшылар 4-5 айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Оларға кәсіпорын басшылығы 6 млн. теңге қарыз. Зейнетақы төлемі бір жылдан бері аударылмаған. Ал бюджетке төленбеген салықтың көлемі 70 млн. теңгені құрайды. Бұл мәселе бойынша облыстық прокуратура арнайы тексеріс жүргізгеннен кейін шаруашылықтың есепшоты бұғатталған. Жергілікті атқарушы орган серіктестіктен қыруар қарызды өндіріп ала алмай отыр.
– Мен былтыр жазда Светлое ауылына арнайы барып, мәселемен танысқан болатынмын. Сол кезде шаруашылық басшылығына қарызды жабуды тапсырғанмын. Қазіргі таңда соттың шешімі шықты. Агроқұрылым басшысының күзде жинап алған астығын сатып, қаржыны қалтасына басқаны анық. Біз бірінші кезекте тұрғындардың жағдайын ойлауымыз керек, – деген Құмар Іргебайұлы аудан басшылығына бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Қоғамдық қабылдау барысында зейнеткер Ольга Спириданова агротехникалық колледждің болашағына алаңдаушылық білдірсе, жеке кәсіпкер Руслан Хисамутдинов аудан орталығында көп жылдан бері бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша ұсынысын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің өтінішін мұқият тыңдаған өңір басшысы әрқайсысының мәселесі назарға алынатынын жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.