Айыртау ауданындағы Володар, Константиновка ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындармен кездесті. Жергілікті атқамінерлер атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алда тұрған міндеттерді саралады.
Володар ауылдық округінің әкімі Ермек Қасымғалиевтің есеп беру кездесуіне келген ауыл ақсақалдары өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Олардың айтуынша, ауызсудың сапасы санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді.
– Осыдан бес жыл бұрын ауылда локальді су ұңғымасы қазылып, сапалы ауызсуға қол жеткізген едік. Бірақ соңғы екі жылдан бері бірқатар қиындықтарға тап болдық. Тіршілік көзі лайланып, мазуттың дәмі шығады. Соған қарағанда су сүзгісі істен шыққан болуы керек. Оны ауыстырып, судың сапасын қадағалайтын жауапты маман тағайындалса екен, – деді ауыл тұрғыны Кенжеғали Ерғалиев.
Жиын барысында жарық мәселесі де айтылды. Өйткені, ауылдағы он жеті көшеге орнатылған шамның біреуі де істемейді. Жастардың бос уақытын ұйымдастыру, жалғызбасты қарттарға қолғабыс ету мәселелері де ескерусіз қалмады. Өтініш білдірушілер тарапынан Новоукраинка фельдшерлік-акушерлік пунктіне “Жедел жәрдем” көлігін бөлу, мал шаруашылығын дамыту үшін тұрғындарды жемазықпен қамтамасыз ету мәселелері айтылды. Сонымен қатар бірнеше тұрғын округтің әкімінен қаңғыбас иттерді аулау мен жазда бос жүретін малдарды қамауды сұрады.
Ермек Қалтайұлы новоукраиндықтардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, мәселелер шешімін табатынын жеткізді. Әсіресе, ол жақын арада ауызсу мәселесін шешуге уәде берді.
Константиновка ауылдық округінің әкімі Самат Оспановтың есебі Ақан-Бұрлық ауылынан басталды.
– Өткен жылы есептік кездесуде алты сұрақ қойылып, бүгінгі таңда олардың барлығы шешімін тапты. Жақын арада Ақан-Бұрлық-Саумалкөл бағытында жолаушылар тасымалданатын болады. Қазір жауапты мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар ауылдағы көшелерді жарықтандыру мәселесі де бір айдың көлемінде шешімін таппақ, – деген округ әкімі Самат Нұрланұлы биылғы жоспарымен бөлісті.
Кездесуде Ақан-Бұрлық ауылының тұрғындары нанның бір бөлкесі 85 теңге тұратынын, бағасы сапасына сай емес екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Сондай-ақ, медициналық қызметкердің декреттік демалысқа шығуына байланысты сырқаттанған тұрғындар көрші Құспек ауылына 3 мың теңгеге көлік жалдап баруға мәжбүр екенін жеткізді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.