Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мемлекеттік ветеринариялық қызметтің маңызды әрі стратегиялық міндеті болып табылады. Соңғы жылдары ветеринария саласын цифрландыру бойынша қолға алынған шаралардың нәтижесінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны артуда. Бұл өз кезегінде үй жануары мен ауыл шаруашылығы тауарына қажетті рұқсат құжаттарын алуды жеңілдетуде. Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету аудандардағы аумақтық инспекцияларда, “Электронды үкіметтің” www.egov.kz және www.elicense.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді.
Бүгіндері басқарма тұрғындарға үш мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Ветеринарлық паспорттар мен анықтамалар беру бойынша екі мемлекеттік қызмет Петропавл қаласы мен аудандардағы ветеринарлық станциялардың еншісінде. Солтүстікқазақстандықтар арасында жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптауды жүргізу жөніндегі қызметпен айналысуға рұқсат беретін лицензия сұранысқа ие. Ол, негізінен, ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға арналған.
Аталмыш мемлекеттік қызметті тек “Электронды үкіметтің” порталдары арқылы алуға болады. Бұл қызмет порталдың көмегімен ресімделген кезде заңды тұлға мен қызмет беруші ешқандай қарым-қатынасқа түспейді. Сәйкесінше, қызметтерді көрсету кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Ветеринария саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы ақпарат басқарманың интернет сайтында және ақпараттық стендтерде орналастырылған. Орын алған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл ақпарат толықтырылып отырылады. Сондай-ақ, басқармада “Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы” жұмыс істейді. Азаматтар электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен мемлекеттік қызметтерді ала алады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуді атқару кезінде заңдылықты сақтауға бақылау жүргізіледі. Басқарма көрсетілген қызметтің сапасына баға беру үшін сауалнама жүргізіп отырады. Соңғы мониторингтің қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну рәсіміндегі талаптар толық орындалған. Облыстық ветеринария басқармасы тұрғындар арасында сұранысқа ие ветеринарлық анықтама беру бойынша 20798 мемлекеттік қызмет көрсетті. Есепті кезеңде көрсетілген қызметтердің сапасы бойынша шағым түскен жоқ.
Дегенмен, мамандарымыз қызмет көрсету мерзімін созып жіберсе, қызмет алушы белгіленген заңнамалық тәртіпке сай шағым түсіруге құқылы. Мұндай жағдайда басқарманың мамандарына 8 (7152) 50-16-81 телефонына, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің 8(7152) 36-01-62 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Олжас БОЛЫСПАЕВ,
облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы.