«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫН ҮЙДІ НЕСИЕЛЕУ ҚАРҚЫН АЛМАЙ ОТЫР

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Партияның өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Болат Данияров өткізген жиында Елбасының бірінші және екінші бастамаларының өңірімізде жүзеге асырылу барысы талқыланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Сәбиева әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасы аясында ұсынылған “7-20-25” бағдарламасының шарттарын еске салды. Осы күнге дейін осы жоба бойынша екінші деңгейлі банктер тұрғындарға 18 млрд. теңге көлемінде ипотекалық несие берген. Өзге өңірлермен салыстырғанда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында бұл бағдарлама тиісінше қарқын ала алмай отыр. Оның негізгі себебі ретінде жеке құрылысшылар тарапынан пайдалануға беріліп жатқан жаңа баспаналардың жоқтығы атап өтілді. Ал бағдарлама шарты бойынша несиеге жаңа салынған үйлер ғана берілуі тиіс. Бұрын салынған үйлерден пәтер сатып алам дегендер үшін Ұлттық банк ипотекалық несиелендірудің “Баспана Хит” атты жобасын әзірлеген. Бірақ оның біздің облысымызда қашан қолданылатыны белгісіз.

Бақыт Сәбиева өңіріміздегі жеті банк филиалы “7-20-25” бағдарламасы бойынша кез келген ақпарат беріп, несие рәсімдеуге дайын екенін айтты. Осы уақытқа дейін жетпіске тарта солтүстікқазақстандық банктерден жобаға қатысты кеңес алған. Берілген баспана саны – біреу ғана. Сондықтан банк өкілдері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Кеңес мүшелері еңбекақы мөлшері аз өңір үшін бағдарлама шарттары тиімсіздеу екенін алға тартып, оларды икемді етудің жолдарын қарастыруды ұсынды. “Мәселен, алғашқы жарна мөлшерін азайтуға немесе тұрғындарға жарна ретінде зейнетақы қорындағы ақшаны қолдану мүмкіндігін беруге болар еді”, – деді олар. Ұлттық банк филиалы төрағасының орынбасары облыс әкімдігінен алғашқы жарнаны демеуқаржыландыру жағын сұрауды қарастырып жатқандарын жеткізді.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин Петропавлда жаңа пәтерлердің құны “7-20-25” бағдарламасының шарты бойынша белгіленген 15 млн. теңгеден асып кететінін айтты.

– Коммерциялық мақсатта тұрғын үй салып жатқан екі-ақ компания бар, олар – “Основание” және “Казградстрой-НС” ЖШС-лері. “Жас өркен” жеке құрылысшылар үшін тартымды шағынауданға айналуда. Сондықтан өзге де құрылыс компанияларынан белсенділік күтеміз. Алайда, олардан көпшілікке қолжетімді баспаналар салуды талап ететін боламыз, – деді Владислав Лукин.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы Жібек Клюкова жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту шарасына дайындық барысы туралы айтты. Өңірімізде үш жарым мың жұмыс беруші бар. Келер жылдан бастап олардың қарамағындағы еңбекақысы 60 125 теңгеден аз қызметкерлердің алашағы ең көбі шамамен екі жарым мың теңгеге артады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp