«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰТАС ТҮРКІНІҢ МАҚТАНЫ

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің биік шыңы Абай болса, өткен ғасырда сөз өнерінің асқарына шыққан тұлға – Мағжан Жұмабаев. Мағжан поэзиясы кешегі Алаш қозғалысының үні, әде­биеттегі ізі іспетті. Ол туралы ұлт кө­семі Әлихан Бөкейхан ағалық үміт күтіп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жырларын ғылыми еңбегінде пайдала­нып, Алаштың «ақылы» саналған Жүсіпбек Аймауытов алғаш талдау жа­саған.

Өз мақаласында Жүсіпбек Аймауы­тов ақын шығармашылығына мынадай баға береді: «Мағжан – алдымен сыр­шыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұм­сақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақында­рында болған емес. Ол жүректің қобы­зын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жаза­ды. Оқушының жүрегіне әсер бере ал­майтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғат­ты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма, бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұра­ды. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сыр­ласқандай боласың».

Тұтас түркі әлеміне ортақ ақынның ту­ған күні қарсаңында М.Қозыбаев атында­ғы Солтүстік Қазақстан университетінде конференция өтті. «Мағжан Жұмабаев: тұлға, әдеби үрдіс және тілтаным» атты ха­лықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренцияға отандық және шетелдік зерт­теушілер, мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының білім алушылары өз жұ­мыстарын жолдаған. Конференция жұ­мысы «Мағжан және әлем әдебиеті», «Қазіргі әдебиеттану және тілтаным мәсе­лелері», «Мағжан шығармаларын оқыту­дың әдістемелік мәселелері» секциялары бойынша жүргізілді.

Жиынды ашқан оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңге­рушісі Гүлмира Мұхамеджанова Мағжан шығармаларын заманауи көзқарас тұрғы­сынан зерделеудің маңыздылығына тоқ­талды. Ал профессор Зарқын Тайшыбай Мағжан мен бүгінгі жастар арасындағы байланысты сөз етті. Әл-Фараби атында­ғы қазақ ұлттық университетінің постдок­торанты, Қазақ-Американ универси­тетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Алпысбаева «М.Жұмабаевтың «Гүлсім ханымға» өлеңінің лингвопоэти­касы және аудармадағы көрінісі» тақыры­бында баяндама жасады. Астанадағы Ұлт­тық музей директорының ғылыми жұ­мыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ыбыраева ақынның пассионарлық фено­меніне тоқталды. Ұлттық ұлан академия­сының тілдік дайындық кафедрасының бастығы Ақмарал Сәркенқызы, Назар­баев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Динара Мұ­қанова да өз зерттеулерінің нәтижелері­мен бөлісті.

«Қазақ сөз өнеріне әлем әдебиетінің үнін әкеліп, Абай бастаған өзгерістерді дендеп енгізген, жаңа күннің жаршысы болған ақын – Мағжан. Қызылжар елі, қала берді тұтас түркі жұрты оның есімін ұмытпақ емес. Оның шығармашылығы – шеті, шегі жоқ бөлек әлем. Оның ақындық болмысын айшықтау, мұра­сын дәріптеу ісі әлі де жалғасын таба бермек», – дейді университет оқыту­шысы, филология ғылымдарының кан­дидаты Жанар Құлыбекова.

Мағжан Жұмабаев шығармашылы­ғына арналған конференция мақалала­ры бөлек жинақ ретінде жарияланады.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp