«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰТЫНУШЫЛАРДЫ АЛДАУҒА БОЛМАЙДЫ

Тұтынушыларды алдау жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі болып табылады. Оны тұтынушылардың орнында неғұрлым көбірек болсаңыз, соғұрлым жиірек сезінесіз. Сондықтан заң адал ниетті тұтынушылардың жағында екенін әрқашан ұмытпау қажет.

2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘҚБК) 190-бабында тұтынушыларды алдағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ, заң шығарушы осы құқық бұзушылықты жасағанда тұтынушыларға келтірілетін ықтимал залалдың мөлшері мен түрін анықтады. ҚР ӘҚБК-нің “Тұтынушыларды алдау” 190-бабына сәйкес бір айлық есептік көрсеткіштен асатын сома – елеулі мөлшердегі залал, ал кемінде үш айлық есептік көрсеткіш сомасы ірі мөлшердегі залал деп танылады.

Сауда және басқа да қызмет көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлердің немесе ұйымдардың құқыққа қарсы мынадай кiнәлi әрекеттерi тұтынушыларды алдау деп танылады: кем өлшеу, таразыдан жеу, есептен жеу, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыру, сондай-ақ, тұтынушыларды алдаудың басқа да түрлеріне жататын бірқатар өзгедей әрекеттер.

Өткізетін тауардың салмағын, көлемін және басқа сандық өлшемдерін анықтайтын жасалған шартқа және белгіленген стандарттарға немесе кез келген талапқа сәйкес келмейтін тауарларды босатуы кем өлшеу, таразыдан жеу болып табылады.

Есептен жеу – тұтынушының келісімінсіз алдын ала анықталған немесе жарияланған бағадан сатушының немесе қызмет көрсететін тұлғаның асып түсуі. Есептен жеудің түрлі жолдары бар: тауардың немесе көрсетілетін қызмет бағасының дұрыс есептелмеуі, тұтынушыға есеп айырысу ақшасы қалдығының дұрыс берілмеуі, тауардың жапсырмасында және кассалық чегінде әртүрлі бағаны немесе бағаны әдейі дұрыс көрсетпеуі, және басқалар.

Тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты жаңылыстыру жасалып, тұтынушыға шарттың ережелеріне, стандарттардың міндетті талаптарына, техникалық ережелеріне және басқа да міндетті талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды (жұмыс нәтижелерін, көрсетілетін қызметтерді) беру тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына құқығын бұзады.

Сатып алу-сату немесе көрсетілетін қызмет шартының басқа талаптарының бұзылуы, мысалы, тауардың жарамдылық мерзімі мен сорттылығы жөніндегі мағлұматтарының қасақана бұрмалануы, тауарды оның жиынтықтығы туралы талаптарын бұза отырып сату, сондай-ақ, контрафактілік тауарларды өткізу тұтынушыларды басқалай алдау болып саналады.

Үстіміздегі жылғы ақпан айында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында азаматтардың өтініштерін қарастыру мәселелері” тақырыбына “дөңгелек үстел” өткізілді, оған сот, құқық қорғау, мемлекеттік кіріс органдары мен адвокатураның өкілдері қатысты. Шара барысында 2012 жылдан бастап, 2014 жылға дейінгі мерзімде облыстық құқық қорғау және мемлекеттік кіріс органдарында тұтынушыларды алдау мәселелерін қозғайтын істер қаралмағаны анықталды.

Алайда, көптеген тұтынушыларға сату залында қойылған азық-түлік өнімдерінің таңбалау зат белгісінде немесе баға көрсеткішінде бағасы көрсетілген болса да, кассирдің төлеу кезінде көрсетілген сомадан артық соғуы, оны баға көрсеткіші ескі, ал жаңа тауардың жеткізілімі тым жоғары бағамен өтті деп түсіндіретін жағдайлары жақсы таныс, яғни оның өзі сату күніне сай баға көрсеткіштерінің басқаға ауыстырылмағанын, ал тұтынушыларға тауар туралы шын ақпарат жеткізілмегенін көрсетеді. Сату сөресіндегі және кассадағы бағаның айырмашылығы сатушылардың өздеріне жүктелген қызмет міндеттерін орындамауын, дүкен қызметкерлері жұмысының жетімсіздігін білдіреді. Көрсетілген құқыққа қарсы кiнәлi әрекеттер ҚР ӘҚБК-нің “Тұтынушыларды алдау” 190-бабымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыруға мемлекеттік кіріс және ішкі істер органдарының уәкілеттілігі берілген лауазымды тұлғалардың құқығы бар. Тұтынушылар шағымданғанда өз құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін өтініштеріне дәлелдеме ретінде сатып алған тауардың кассалық чегін және баға көрсеткішін (таңбалық зат белгісін) тапсыруы қажет, ал олар жоқ болса, куәгерлердің көмегіне жүгінуіне болады.

Осындай әрекеттер, егер залал мөлшері бір айлық есептік көрсеткіштен аспаса (2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК мөлшері – 1982 теңге), ҚР ӘҚБК 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Егер осындай әрекеттер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанатын болса, ҚР ӘҚБК 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік айыппұлдың мөлшері көбейеді, ол жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұдан басқа құқық бұзушыға белгілі бір қызмет түріне лицензиядан айыру және үш жылға дейінгі мерзімге қызметін тоқтату немесе оған тыйым салу сияқты қосымша әкімшілік жазалар қолданылады.

Құқық бұзушы құқыққа қарсы кiнәлi әрекеттерді (кем өлшеу, таразыдан жеу, есептен жеу, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыру немесе өзгедей алдау) жасағанда елеулі залал (1 АЕК-ден бастап 3 АЕК-ге дейін) келтірсе, оны белгілі бір қызмет түріне лицензиядан айыра отырып, не үш жылға дейінгі мерзімге қызметін тоқтата тұрып немесе оған тыйым салына отырып, жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Егер құқық бұзушылық ірі залал келтіруге әкеліп соқса (3 АЕК-ден кем емес), онда құқық бұзушыға әкiмшiлiк жазаның негiзгi және қосымша шаралары қолданылады: белгілі бір қызмет түріне лицензиядан айыра отырып, не үш жылға дейінгі мерзімге қызметін тоқтата тұрып немесе оған тыйым салына отырып, жеке тұлғаларға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБК 190-бабының 4-бөлігі).

ҚР ӘҚБК 190-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау және әкiмшiлiк жаза қолдану ішкi iстер органдарының құзыретіне жатады, мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген әкiмшiлiк соттардың судьялары ҚР ӘҚБК 190-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктері бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды және әкiмшiлiк жаза қолданады.

Заң құқық бұзушыларға қатал, бірақ сонымен бірге әділ және ізгі болып табылады. Жаңа оқылымдағы ҚР ӘҚБК әкімшілік жауаптылыққа тарту тәртібі жаңғыртылған. Егер құқық бұзушылық фактісін лауазымды адам оның жасалу орнында анықтаса, ол үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза көзделген, оны жасаған, өз кінәсін мойындаған жеке тұлға анықталған және салынған айыппұл мөлшерімен келіскен жағдайда ҚР ӘҚБК 810-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қысқартылған тәртіппен жүргізіледі. Аталмыш жағдайда жеке тұлға көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерін жеті тәулік ішінде төлеуге құқылы (ҚР ӘБҚК 811-бабы). Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қысқартылған іс тәртібі ҚР ӘҚБК “Тұтынушыларды алдау” 190-бабына да қолданылуы мүмкін.

Үстіміздегі жылдың басынан бері облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Петропавл қаласының тұрғынынан тұтынушыны алдау мәселелерін қозғайтын бір ғана жазбаша шағым келіп түсті. Бұл шағымда облыс орталығының бір ірі супермаркетінде есеп айырысу кезінде касса чегіндегі өнімнің бағасы орауыштағы бағадан 48 теңгеге артық көрсетіліп, есептен жеу дерегі анықталғаннан кейін сатып алушыға ақшасы қайтарылды деп хабарланды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл шағым ведомстволық тәртібі бойынша Петропавл қалалық ІІБ-на жіберілді. Ішкі істер органдары супермаркет қызметкеріне қатысты 190-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтырды және айыппұл түрінде жазалады.

Бұл мысал қазіргі уақытта азаматтардың заң үстемдігіне және адам құқықтары қағидаттарын ілгерілетуге, сонымен бірге өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғауға немқұрайды қарамайтындығының дәлелі болады.

Дау-дамай туған жағдайда тұтынушы мен қызмет көрсетуші кәсіпорынның қызметкері қызмет көрсету үдерісінде олардың өз намыстары мен қадір-қасиеттерін құрметтеуге, имандылық және әдептілік нормаларын сақтауға тең құқылы екендерін ұмытпауы қажет. Бұл талап орындалмаған жағдайда жәбірленуші Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9, 141-143-баптарының ережесіне сәйкес өз құқығын қорғау үшін сотқа шағымдана алады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясындағы басқа да мүдделі сұрақтар бойынша азаматтар Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 8 (7152) 52-14-36 “қауырт желі” телефонына немесе Web-сайт http://sko-dzpp.gov.kz, сонымен бірге қалалық және аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларына хабарласуларына болады.

Ләзім МИЯШЕВА,

облыстық тұтынушылардың

құқықтарын қорғау департаментінің

 жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp