Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мәселелермен таныстыру жөнінде мүдделі органдар мен ұйымдар қызметкерлері үшін өңірлік семинар өтті. Ол зияткерлік меншік нысандарын құқықтық қорғау, тауар таңбаларын заңсыз қолдану және осы саладағы құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау мен жолын кесу жөніндегі құқық қолдану тәжірибесін қарастырды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі департаменті директорының орынбасары Жанна Сүйімбаева әділет органдарының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мақсатында жүргізген тексерістерінің саны азайғандығын, бірақ анықталған құқықбұзушылықтар саны 58 пайызға артқанын алға тартты.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі зияткерлік меншік ұлттық институты басқармасының басшысы Нұржан Исабеков зияткерлік меншік түрлеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасы тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, контрафактілік өнімдер тұтынушылардың денсаулығы пен өміріне қауіпті және мемлекетіміздің экономикасы мен еліміздің беделіне нұқсан келтіретін заттар болып бөлінеді. Өнімдердің контрафактілік және сертификатталған тауар екендігін анықтау – үлкен мәселе. Осыған орай елімізде бұл заттардың құрамын, сапасын тексеруге арналған осызаманғы зертханалық қондырғылар алуға ерекше мән берілген. 2014 жылы бүкіләлемдік даму банкі “Әділет” жобасын жүзеге асыру бойынша 2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлген. 2015 жылы да қомақты қаражат бөлінбекші, осының барлығы мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
“Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік зертхана төрт (Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан) облысты қамтиды. Зертханалық базаны дамыту уақыт қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені, косметикалық және тұрмыстық заттарға химиялық, биологиялық белсенді заттар мөлшерден тыс қосылады”, – деген Татьяна Леонидовна соңғы үш жылдың ішіндегі зерттеулер тауарлық-тұрмыстық заттардың көпшілігі қауіпсіздік көрсеткіштер талаптарына сай келмегенін, олардың арасында аллергиялық қасиеттері бар қоспалар, тыйым салынған химиялық заттардың бар екендігі анықталғанын айтты.
Татьяна Горлованың айтуынша, 2014 жылы жағдайды талдау барысында 80 мың тауар түрі сапа қауіпсіздігі зерттеуінен өткізілместен айналымға түскен. Сондықтан тұтынушылар құқықтарын қорғау үшін өнімдердің сапа қауіпсіздігін тексеретін бірыңғай мәліметтер базасы енгізілуде. Бұл сапа сәйкестігін растауға мүмкіндік береді. “Нарықты контрафактілік тауарлардан тазарту үшін тұтынушылардың өздері де сауатты болу керек”, – дейді ол.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.