Облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің басшысы Жандос Ермағамбетовтің төрағалығымен қоғамдық тыңдау өтті. Жиында жергілікті монополистердің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалану мәселесі қаралды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында “Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек”, – деген болатын. Осы орайда Үкіметте Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы жасалып, Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар тапсырма берілді. Соның бірі – коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің құрылуы мен тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету, – деді Жандос Мүбәракұлы.
Департамент қызметкерлері жыл басынан бері 16 қоғамдық тыңдау өткізіп, тұтынушылардың ұсыныс-тілектерін тіркеген. Жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін табиғи монополия субъектілерінің интернет сайттарында аудиторлық есеп орналастырылып, нысандарға алты баспасөз туры ұйымдастырылған.
Шара барысында Петропавл №2 жылу-электр орталығының директоры Виктор Бармин кәсіпорынның инвестициялық бағдарлама шеңберінде атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Басшының айтуынша, серіктестікте жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылған. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде 4 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілген. 2016-2017 жылдары №12 турбоагрегатты жаңғырту мен технологиялық үдерісті автоматты басқару жүйесін орнатуға 7 млрд. 763 млн. теңге бағытталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде станцияның қуаты 102 мегаваттқа ұлғайып, энергия өндіру 15 пайызға артқан. 2015 жылы өндірістегі негізгі құрал-жабдықтардың 62,47 пайызының тозығы жетсе, былтыр бұл көрсеткіш 59,7 пайызға төмендеген.
“Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша, соңғы үш жылда кәсіпорын электр жабдықтарын жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 4 млрд. 502 млн. теңге бөлген. 2016-2018 жылдары Петропавл қаласында 148 шақырым желі ауыстырылған.
Бүгіндері “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылу магистралінің ұзындығы 233,5 шақырымды құрайды. Серіктестіктің бас директоры Игорь Рыбас бүгінгі таңда жылу желісі 65,01 пайызға тозғанын атап айтты. Сондықтан бөлінген қаражаттың дені құбырларды жөндеуге жұмсалуда.
Жиында “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жеңіс Сұлтанов кәсіпорында жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары жайлы айтып берді. Серіктестікте 2016-2021 жылдарға арналған ұзақмерзімді инвестициялық бағдарлама жасалған. Сонымен қатар Жеңіс Хамзаұлы кәсіпорында коммуналдық төлемдерді қабылдау үшін автоматты телефон станциясы жұмыс істейтінін, оның арқасында 20 адамға бір уақытта қызмет көрсетуге мүмкіндік туғанын хабарлады. Бұған дейін тұрғындар бұл мәселені шешу үшін операторлармен хабарласып, біраз уақытын шығындайтын.
Қоғамдық тыңдау соңында Жандос Ермағамбетов монополистерге тұрғындарға сапалы қызмет көрсету және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету шараларын дамыта түсуді тапсырды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.