«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұтынушы құқығы

Біздің елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын арнайы заң бар екенін тұрғындардың бәрі бірдей біле бермейді. Сондықтан күнделікті өмірде қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген бұйым сатылыпты дегенді жиі естиміз. Арзан жолмен мол пайда табуды көздейтіндердің небір теріс әрекеттерінен тұтынушылар тауарды қайтарып немесе ауыстырып алу кезінде қиындықтарға жиі ұшырайды.

Әрқайсымыз сауда-саттық саласында өз құқығымыздың аяққа тапталуына жол бермеуіміз керек. Егер тұтынушы алған тағамының сапасына күмәнданатын болса, оны тексеріп, ақпарат алуға құқығы бар. Сондықтан сапалы әрі қауiпсiз тауар сатып алуға, еркiн таңдау жасауға, сатып алатын тауар және сатушы туралы толық ақпарат алуға, оны айырбастауға немесе қайтарып беруге, келтiрiлген зиянға өтем талап етуге болады. Аталмыш Заңның 25-бабында көрсетілгендей, тауарда (азық-түлік) оның атауы, түрлері, қажеттіліктері, оның талаптарға, техникалық регла­менттерге, басқа да құжаттарға сәйкестігі туралы белгі, тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылықтары және құрамы, тағам құрамында ГМО бар немесе жоқ екендігі туралы мәлімет, өндірушінің тауарлық белгісі, шыққан елі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, өндірілген күні және орны, пайдалану және сақтау мерзімі, өндірушінің аты, өндіріс орны, мекенжайы, көлемі қоса беріледі. Тұтынушы қандай да бір тауар сатып алғанда, сатушыдан кассалық түбіртек талап етуге құқылы. Себебі, артынан келеңсіздіктер туындап жатса, құжат тұтынушының сауда жасағанына дәлел ретінде көрсетіледі.

Сондай-ақ, сауда жасаушы 14 күн ішінде (алынған тауар азық-түліктен өзге заттар) оның талабын қанағаттандырмаса немесе қажетті сипатқа ие болмаса, ауыстырып ала алады. Бұл “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” Заңның 14-бабымен реттеледі. Егер тауарды ауыстырудың қажеті болмаса, төлеген ақшаны қайтарып алуға да құқылы. Ал “Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы” Заңның 28-бабына сәйкес сатушы (өндіруші, орындаушы) тұтынушының тауарды ерікті түрде таңдау жасауына мүмкіндік беріп, оны қажетті заттың көптеген түрін, мөлшерін сатып алуға үгіттемеуі қажет. Сатушы тауарды сату кезінде өлшеу құралдарын қолдануға тиісті. Егер тұтынушы тауардың салма­ғына, санына күдіктенсе, оны қайта өлшей алады. Осындай қарапайым ережелерді жадына түйген тұтынушы сауда-саттық барысында сапалы өнімге қол жеткізе алады.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының сауда нысандарында тағам өнімінің 561 сынамасы алынды және зертханаға жіберілді, соның ішінде 176 азық-түлік түрлерінің (31 пайызы) техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Таңбалау бойынша 169 сынама алынды. Былтыр осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға орай 12 хаттама толтырылып, 2 802 548 теңге айыппұл салынды.

Облыс тұрғындары тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 8 (7152) 52-14-36 “Жедел желі” телефонына, сонымен қатар қалалық және аудандық басқармаларға шағымдана алады. Сондай-ақ, тұтынушылар аталмыш органның sko.kzpp.gov.kz интернет-ресурсына электронды түрдегі өтініштерін жазып, қалдыра алады.

Зейнел ЕДІЛОВА,

облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp