Достық үйінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистік концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарымен және олардың туыстарымен кездесу ұйымдастырылды. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуді «Радзіма» Солтүстік Қазақстан Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Татаренко ашты. Ол жыл сайын 11 сәуір күні бүкіл әлемде фашистік концлагерьлердің тұтқындарын азат ету күні ретінде атап өтілетінін айтты. Бұл күн қарсаңында солтүстікқазақстандықтар қаза болған концлагерь тұтқындарын еске алып, тағзым етеді, көзі тірілеріне құрмет көрсетеді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өз сөзінде Ресей және Беларусь елдеріндегі әріптестерімен бірлесе отырып фашизм құрбандары мен қаза тапқан жауынгерлер туралы ақпарат жинауды жалғастырып жатқанын жеткізді. Қазақстанның Германиядағы елшілігі Неміс құжаттама орталығымен бірлесе басып шығарған «Арманда кеткен боздақтар» кітабында келтірілген деректерге сүйенсек, соғыс жылдарында фашистік концлагерьлерде 6 мыңнан астам қазақстандық болса, олардың 200-ге жуығы солтүстікқазақстандықтар екен. Бүгінде облысымызда сегіз концлагерь тұтқыны тұрып жатыр.
Ескендір Есмақұлы бұрынғы концлагерь тұтқындарына Беларусь елінен жеткен «Беларусьтың фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 80 жыл толуына арналған» медальдарын табыстады. Марапатталғандардың қатарында петропавлдық Валентина Зайцева, Қызылжар ауданының тұрғындары Елена Гоменюк пен Леонид Кучинский бар.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».