«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰҒЫРЛЫ ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері сот саласына мемлекет тарапынан барынша қолдау мен қамқорлық жасалып келеді. Ата Заңымызда атап көрсетілгеніндей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығы сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі.

Егемен ел болғанымызға биыл 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде біз мемлекетіміздің құқықтық саясатында, талаптарында, қала берді, әлемдік үлгіге сәйкес сот жүйесін құруда кезең-кезеңмен алға жылжыдық.

Тарихқа зер салсақ, ғасырлар бойы талай тартысты бастан кешіріп, ұлтарақтай жер үшін “еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алған” ата-бабамыз елдің ішкі-сыртқы ахуалына сай өз заңын қабылдап отырған. Тәуке хан жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Қазақ хандығының ішкі әкімшілік, соттық, әскери, құқықтық салаларына кешенді реформалар жүргізді. Тәуке хан реформасының үлкен жемісі – билер кеңесі қабылдаған “Жеті жарғы” еді. Бұл заңнамада сол кездегі қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері ескерілді. Онда Қазақ хандығының әкімшілік жүйесіндегі тайпа және ұлыстарға билік жүргізуші сұлтандар мен төрелердің билігі шектеліп, қарапайым халықтан шыққан би-батырлар мен қожа-молдалар ел басқару ісіне араластырылды.

Ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақты бір орталықтан басқару үшін қазақ сахарасын үш қанатқа бөліп, ұлысбегі ретінде сұлтандар тағайындалып, ру-тайпа арасындағы дау-дамайды шешуге қара қылды қақ жарған әділ билер сайланды. Қожа-молдалардан үш жүзге пір сайлап, оларға дін істерінің өкілеттілігі берілді. Жыл сайын белгіленген уақытта өтетін құрылтайда “Билер кеңесі” жұмыс істеді.

Міне, сол тұстан бастап қазақ даласында сөзі ұшқыр, ойы орамды, тілі шешен, ақылы дана билер тұлғасы қалыптасты. Халық арасында олар үлкен беделге ие болды. Билердің беделі қара қылды қақ жарған әділдігімен келді. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген сөз содан қалған.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясында да сот билігіне ерекше орын бөлінген. Ендігі мақсат – сол Ата Заңмен белгіленген тәртіпті бұлжытпай орындап, соттың, “әділдіктің жаршысы” саналатын судьяның беделіне дақ түсірмеу. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сот қауымдастығының алдына үлкен міндеттер қойды.

Еліміздің Негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін, тұрлаулылығын, қызметтілігін және белгілі дәрежедегі икемділігін дәлелдеуде. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғамды жаңғыртып, мемлекетті дамытудың қазіргі кезеңдегі кейбір үрдістерімен үйлеседі. Конституциялық заңдылық пен құқық тәртібін нығайту ісінде маңызды рөл сот жүйесіне берілген. Арбитраждық соттар жойылып, бір ғана Жоғарғы сот бастаған біртұтас сот жүйесі құрылды. Сот кадрларын іріктеу мен тағайындаудың қағидаттық тұрғыдағы жаңа жүйесі құрылды. Қабылданған конституциялық қағидалардың арқасында Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесі нығайып, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің қол сұқпаушылығын қамтамасыз етудің рөлі күшейтілді. Сонымен қатар, судьялардың кәсіби біліктілігіне талапты күшейту жөніндегі тұтас шаралар жүйесі анықталды. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру барысында заңдылықты сақтау жауапкершілігі күшейтілді.

Біздің еліміз Халықаралық соттар қауымдас­тығына толыққанды мүше болды. Қоғамдық бақылаудың конституциялық тетіктері анықталып, Алқа билер институты енгізілді. Азаматтардың сот әділдігіне сенімі артты, мұның өзі, сайып келгенде, кұқықтық мемлекеттің нығаюына жәрдемдеседі. Қамауға алу құзырлылығын соттарға беру туралы қағидаттық шешім қабылданды. Біз біртіндеп заманауи, ашық тұрпаттағы сот өндірісіне көшіп келеміз.

Сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып отырған осындай игі шаралардың негізі сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата Заңымыздың алтын арқауында жатыр. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан құлашын кеңге жайып, өзінің қуаты мол, нарықтық экономикасы бар демократиялық мемлекет екенін әлемге танытты.

Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,

Петропавл қаласы

№2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp