Ел әдебиетінің тарихнамасында ақын-жазушылардың қарасы қалың. Даңқтылары мен таланттылары да жетерлік. Қаламгерлік кредосының ұшар биігінен академик- жазушы Сәбит Мұқановтың болмысы бөлек, еңбегі ерек, шығармашылық қазынасы байтақ әлемді құрайтыны көрінеді.
Қазан төңкерісіне дейінгі он жеті жыл өмірін «қозышы, қойшы, жалшы, арқаға талай тиген улы қамшы» кейпінде өткізді. Ақын бала атанды. Халықтық жыр-шежірені, қиссаны жаттап өсті. Анығында «әдебиет есігін эпос айтушысы – жыршы ретінде ашқан». Көпшілік алдында оқыған тұңғыш өлеңінде:
Біреу шат, неге біреу қайғы-зарда,
Неге байлық бір емес барлық жанға.
Өткізіп бастан қайғы барлық жанның,
Нашарды жетілдірер күні бар ма! – деп өмір сырын, кедей-кемтарлар мен бай-дәулеттілердің ара салмағына өздігінше жауап іздейді. Бертін келе Абай мен Тоқайды оқып, рухани есейді. Ақыл-ойға, парасатқа кең жол ашылды. Жаңа уақыт үніне ден қойды. Бұл бағытта әр алуан іргелі ізденістерге барды.
Сәбит Мұқанов көптеген поэмалар жазып, лиро-эпикалық жанрдың дамуына едәуір үлес қосты. Оның эпикалық қырын, қарым-қабілетін көрсеткен «Жұмаштың өлімі» (1923), «Альбом» (1924), «Балбөпе» (1926), «Октябрь өткелдері» (1927), «Сұлушаш» (1920), «Ақ аю» (1935) т.б. поэмалары қазан төңкерісінен кейінгі еліміздегі ірі оқиғаларды, қоғам жаңалықтарын, заман шындығын, еңбек болмысын уақыт үніне сай суреттеді. Ел өмірі мен тарихы, дәстүр мен дүниетаным арналары, әлеумет ахуалы, еңбек болмысы, уақыт бедері айқын аңғарылады.
Прозада С. Мұқанов қалам тартпаған тақырып жоққа тән. 20-жылдардың өзінде проза бағытында сан алуан стильдік- көркемдік ізденістерге барды. Айталық, «Өмірден сүйіспеншілік көрмеген жан» (1922), «Кер заман» (1923) «Оқудан ренжіп қайтты» (1926), «Азғын» (1928), т. б. алғашқы әңгімелерінде ізденіс жолындағы тәжірибелер, шеберлік мектебіне бастаған суреткерлік қолтаңба айқын. Ал «Ақбөпенің сыры» (1927), «Жарқын жолмен» (1931), «Екпінді» (1932), «Балуан Шолақ» (1940-41) атты повестері өз дәуірінің шындығын, әлеуметтік теңсіздік мәселелерін, билеуші топ өкілдерінің әділетсіздігін аяусыз әшкерелейді. Дүбірлі дәуір суреттерін, жаңа заман көріністерін, сахара шындығын, жастардың бостандық-еркіндігін һәм талайлы тағдырын баяндайтын «Адасқандар» романын (1931) жазды. Көп ұзамай бұл шығарма өңделіп, биік талаптар тұрғысынан қайта қаралып, «Мөлдір махаббат» деген атпен жарық көрді (1959). Орыс тілінде алғаш «Сын бая» (1935) деп басылса, кейіннен «Светлая любовь» деген атпен жарық көрді (1962, 1963, 1983, 1985).
С.Мұқановтың көркем прозадағы мұрасы «Қызылжар» (1934), «Теміртас» (1935), «Есіл» (1937), «Жұмбақ жалау» (1938) секілді сан алуан өмір шындығын бедерлеген туындылардан да көрінеді. Басты еңбегі – «Өмір мектебі» (1930- 1960) ел өмірінің революцияға дейінгі, кейінгі кезеңдерін мәнді-нәрлі қалпында кеңінен көрсетеді.
Академик-жазушы С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы хақында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Е.Лизунова, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов Р.Нұрғалиев, Ж.Дәдебаев, Қ.Әбдезұлы, З-Ғ.Бисенғали, Қ.Ергөбек, Р.Тұрысбек, К.Ахмет, Қ. Байтанасова, Ә.Қайырбеков, С.Тайманова, Р.Кажиакпарова, Р.Султанғалиева т.б. жазушы еңбегі, тақырыптық ерекшелік, жанр жүйесі, көркемдік һәм шығармашылық үдеріс мәні кеңінен сөз етілді. Жазушы еңбегіндегі баяндау мәнері, әңгімешілдік қыры, мықты жады, мол өмір тәжірибесі де айтылып, жұртқа жетті.
Алайда бірқатар кереғар көзқарас, мін-сын да орын алғанын айтқан жөн. Негізінен, автор «мін-сынға» жауапты – «Өмір мектебі» еңбегінің екінші кітабында (1918-1924 ж.ж.) және оның жалғасы – «Есею жылдары» атты өмірбаяндық хикаялар (1924-1936 ж.ж.) туындысында (1964) байыпты баяндап, нақты айтып, жүйелі жазады. Тіпті «…мектептік білімі де, саяси сауаты да аз» болғаны – «Өмір мектебі», «Есею жылдары» атты мемуарлық туындыларында кең түрде айтылады. Артық айтып, кем түскен тұстары да болғанын бүкпесіз баяндайды. Социалистік құрылыс ісіне араласқанын да айтады. Таптық көзқараста, осы бағыттағы күрестің бел ортасында болғанын да бүкпесіз баяндайды. Бұдан бөлек «…Совет өкіметінің қазақ арасындағы алғашқы үгітшілерінің бірі болдым, туған өлкемдегі ауылдар арасында бірінші ревкомдарды құрыстым, қазақтың бірінші ұлттық мектептерін ұйымдастырыстым, ауылдарда кооперация дүкендерін ашыстым, продразверстка ісінің жуан ортасында жүрдім, азамат соғысы майданында жүргендерге жәрдем жинастым», – деп советтік құрылыстың бірқатар ісіне араласқанын байыпты баяндайды.
Халық сүйген қаламгер өмірден өткен тұста ақиық ақын М. Мақатаев: «Жұрт не ойласа да өзі білсін, менің ойымша, Сәбит – үлкен дүние. Өзі – Өмір. Хатты жаңа тани бастаған қазақтың қалаулы ұлдарының ішіндегісі, ең ірісі осы адам болуға тиісті. Өзін өсірген өмір мен заманы тұрғанда Сәбеңді ұрпақтар ұмытпақ емес. Бұл – қазақтың Бальзагы!..Сәбеңде арман жоқ! Өз өмірінің шежіресін жазып үлгерді ол. Ал оның өмірі – дәуірдің өзі!», – деп ақ-адал сырын ақтарды, жүрекжарды сөзін айтты, көңіл толқынын бүкпесіз баяндады.
Ақиқатында, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың шығармашылық қазынасы – ХХ ғасырдың мәдени-рухани һәм көркем шежіресі. Ұлт руханиятына қосылған қымбат қазына. Ел әдебиетінің асыл арнасы. Ол «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне!», – деп ұрпаққа үн қатты. Халық жадында, жұрт аузында «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» болып қалды…
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор.