“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың басшылығымен өткен отырыста сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылу барысы туралы облыстық мәслихат депутаттарының есептері тыңдалды.
Партияның сайлауалды тұғырнамасының “Білім және ғылым” бағыты бойынша өңірлік тәлімгері, Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін Бірінші лицейдің директоры Елена Коноплева облыстағы инклюзивтік білім беру жұмысы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай, деді. Біздің облыста 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №13 орта мектептің тәжірибесімен еліміздің білім саласы қызметкерлері танысыпты. Сонымен қатар, қамқоршылық кеңестердің жұмыстарына, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес туралы мәселелер бойынша сарапшылық топтың барлық республикалық отырыстары мен бейнеконференцияларына қатысып, тәжірибе бөліскен.
Облыстық мәслихат депутатының айтуынша, өңірімізде дуалдық оқыту бойынша 9 колледж 17 жұмысшы мамандығына студенттерді даярлайды. Биылғы жылы тағы үш кәсіптік білім беру мекемесі осы жүйеге қосылмақ. Бүгінгі таңда кең жолақты интернетке 547 білім беру мекемесінің 371-і ғана қосылған. Облыс мектептерінің басым бөлігінде интернет жылдамдығы әлі де баяу. Жаңа оқу жылында педагогтер өз оқу-тәрбие жоспарларын Ұлт жоспары – “100 нақты қадамда” атап көрсетілген мәселелерге негіздеп жүргізетін болады.
Болашақта жалпы білім беретін мектептерде тарих пен географияны – қазақ, информатика, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізу мәселесі, яғни үш тілге көшу тапсырмасын жүзеге асыру қарастырылуда. Сондықтан, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде екі-үш пәнді қамтитын мамандықтар ашу мәселесі жөнінде ұсыныс жасалған. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, аталмыш мәселені шешу Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің құзырына жатады. Сол себепті жергілікті педагогтердің ұсынысы министрліктің қарауында екен.
Кеңесте партияның сайлауалды тұғырнамасының “Жұмыспен қамту және кіріс” бағыты бойынша өңірлік тәлімгері, “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ филиалының директоры Серік Ахметбеков, “Халық бірлігі” бағыты бойынша өңірлік тәлімгер, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры Кәрібай Мұсырман, “Азаматтарды әлеуметтік қамту” бағыты бойынша өңірлік тәлімгер Айман Асанованың есептері тыңдалды.
Сондай-ақ, кеңесте “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің ережесі мен құрамы бекітілді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.