Қазақ тілінің құдіретін қанша сөз етсек те, айтып жеткізу мүмкін емес. Бізге дейін талай ғалым, жазушы, зерттеушілер қазақ тілінің көркем тіл екенін айтып кетті. Соның бірі Платон Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің хас шебері…», – деген болатын. Расымен де, қазақ тілі – сүбелі сөзге, небір шебер оралымдар мен көркемдікке бай тіл.
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Зерттеушілер адамның ойлауы, ақыл-ойы тілдің арқасында дамитынын растап отыр. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адам өмірі күңгірт тартып, қарым-қатынасқа түсе алмайтыны белгілі. Демек тілдің күнделікті өміріміздегі рөліне ешкім күмән келтіре алмайды. Міне, осы орайда бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз.
Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден-ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлеген. Қазіргі уақытта да тіліміздің тұғырының биік болуы қоғамдағы негізгі мәселе саналады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі артуы үшін жастар белсенді болуы керек. Елімізде жыл санап тіл үйренушілердің қатарының артып келе жатқаны қуантады.
Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін қолдауға ерекше назар аударылады. Әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінде әскери қызметшілерге тұрақты түрде қазақ тілінен сабақ өткізіледі. Тілді жаңадан үйреніп жүрген тыңдаушылар бастауыш тобында білім алса, ана тілді жетік меңгерген әскери қызметшілер тереңдетілген топтарда оқиды. Сабақты сапалы да нәтижелі ұйымдастырып өткізу үшін бөлімде қажетті оқулықтар жеткілікті. Бұдан бөлек, бөлімнің жеке құрамы қазақтың ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері мен батырларына қатысты әдеби тақырыптық кештерге, сайыстарға жиі қатыстырылады. Сонымен қатар 6637 әскери бөлімі және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді оқыту орталығы арасында жасалған меморандумға сәйкес, қазақ тілі курстары жиі өткізіледі. Аталған жұмыстар тілге деген құрметті одан сайын арттыра түсері сөзсіз.
Тағы бір айта кетерлігі, бөлімнің әскери қызметшілері жыл сайын «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасына қатысып, сынақ тапсырады. Өздерінің білімдерін сынақта дәлелдеген тыңдаушылар сертификатқа ие болады.
Қорыта айтқанда, әр саналы азаматтың ана тілін біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдануы — оның тілге деген жанашырлық сезімін білдіреді. Ендеше, туған тіліміздің мерейі үстем бола берсін!
Бақыт СӘДУАҚАСОВ,
Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, аға лейтенант.