«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘЖГЕ ТАЛАС ЖАЛҒАСУДА

Францияда футболдан Еуропа чемпионатының топтардағы іріктеу ойындары 22-ші маусымда тамамдалды. Келесі кезекте 8/1 финалдың кездесулері өтеді. Ол ойындар бүгін басталып, 27-ші маусымда 4/1 финалға шығатын сегіз құрама толық анықталуға тиіс.

Сонымен, алты топтан бірінші және екінші орындарды иеленген он екі құрамаға сол топтарда үшінші орын алған, алайда ұпайлары өзгелерден көп және доп айырмасы жақсы төрт елдің футболшылары қосылды.

Бір тоқталып өтеріміз, әдетте ойын өрнегімен көз тартатын Криштиану Роналду бастаған Португалия футболшылары бұл жолы сүреңсіз қимылымен жанкүйерлер есінде қалды. Олар топтағы үш ойында қарсыластарын ұта алмады, тек қана тең нәтижелермен шектелді. Сөйтіп, бар болғаны 3 ұпаймен, бірақ өзгелерге қарағанда оңтайлы доп айырмасының арқасында (4-4) 8/1 финалға өтті.

Солтүстік Ирландия ойыншылары да 3 ұпайдың арқасында он алты құрамаға қосылды. Ирландия мен Словакия 4 ұпайдан қанжығаға байлаған.

Ал Ресей құрамасы ең нашар ойнаған сегіз команданың ішіндегі соңғыларының қатарынан табылды. Ол бар болғаны бір ұпайды қанағат тұтты. Ресейліктер Англия ойыншыларымен 1:1 есебімен тең ойнаса, Словакиядан 1:2, Уэльстен 0:3 есебімен ұтылды.

Бүгін басталатын 8/1 финалда Швейцария-Польша, Хорватия-Португалия, Уэльс-Солтүстік Ирландия, Венгрия-Бельгия, Германия-Словакия, Италия-Испания, Франция-Ирландия және Англия-Исландия ойыншылары бәсекеге түседі.

30 маусымда 4/1 финалдың алғашқы кездесуі Марсель қаласының “Велодром” стадионында өтеді.

Бұл кезеңнің соңғы ойыны 3 шілде күні Париж түбіндегі Сен-Дени қалашығының “Стад де Франс” стадионын дүбірге бөлейді.

Еуропаның кезекті чемпионы да осы стадионда 10-шы шілде күні өтетін ақтық кездесуде анықталады. Сонымен, көш-керуен тәж таласының жолын жалғастырып барады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp