Қазақстандық “Қызылжар СК” футбол клубы Тәжікстанның солтүстігінде орналасқан “Бахористон” шипа-жайының кубогы турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Тәжікстан мен Қазақстанның алты клубының қатысуымен өткен сайыста бес матчта бес рет жеңіске жеткен Душанбенің “Истиклол” клубы жеңімпаз атанды. Екінші орын қоржынында 10 ұпай (3 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс) бар Вахдат қаласының “Хайра” командасына бұйырды. Ал үздік үштікті Қазақстан чемпионаты бірінші лигасының өкілі “Қызылжар СК” командасы тұйықтады.
Турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаз командаға кубок табыс етілді. Турнирдің ұйымдастыру комитеті үздік ойыншылардың есімдерін атады. Турнирдің “Үздік қақпашысы” аталымын жерлесіміз Владимир Никлевич (“Қызылжар СК”) жеңіп алды. Сухроб Мансуров (“Далерон-Уротеппа”) – “Үздік қорғаушы” болып танылса, Магомед Джалилов (“Жетісу”) – “Үздік жартылай қорғаушы”, ал Мирзобек Мирзоев (“Хайр”) – “Үздік шабуылшы” атанды.
(Өз тілшімізден).