«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘЖІРИБЕСІ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ

Ербатыр Урманов 2013 жылы өзінің жеке қожалығын ашты. Содан тұрғын үй мен өндіріс цехын салу үшін жер алып, шұғыл іске кірісіп кетті. Өз бизнесін дамыту үшін 2014 жылдың ақпан айының 10-шы жұлдызында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы кредитке қол жеткізіп, Ресейдің Челябі қаласынан “Ажур-1М” атты темірден көркем бұйымдар жасайтын станок, газбен пісіру және электр қуатымен дәнекерлеу аппараттарын, сонымен қатар басқа да керекті құрал-саймандар сатып алды.

Бүгінгі қол жеткізгенінің барлығы өзінің ақ адал еңбегінің арқасы деп білетін азамат жұмыс уақытынан тыс, қолы бос кездерінде көршілерінің және таныстарының үйлеріне су құбырларын өткізіп, бу қазандықтарын құрастырып және жылу жүйесін орнатып, көмек сұрағандарға қол ұшын беріп келген болатын. Сөйте жүріп өзі де мол тәжірибе жинағанды. Өндірістік цех ашқалы су және жылу құбырларын орнату, жылу қазандықтарының әртүрлі күрделі түрлерін, басқа да қондырғылар және әшекейлі қақпалар, шарбақтар, терезенің және балконның торларын жасау, керек болса, тапсырыс берушілердің сұранысына қарай күрделі әртүрлі бұйымдар шығару Ербатырдың енді күнделікті ісіне айналды.  

– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау табиғатыма жат. Бар ғұмырым осы темір-терсектің арасында өткендіктен, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді,– дейді Ербатыр Қайыржанұлы.

Жеке кәсіпкердің өндіріс цехында үш адам: өз істерінің шеберлері, дәнекерлеуші және темір-терсектен түйін түйетін ұсталар еңбек етеді. Тапсырылған жұмысты тиянақты, дер кезінде және сапалы орындағаннан кейін олардың еңбекақылары да айтарлықтай.

– Елбасымыз “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жете көңіл бөліп, Ұлттық қордан бөлінетін қомақты қаржының бір бөлігімен осы салаға қолдау көрсетуге тапсырма беріп отыр. Оның қайтарымы болатындығына Мемлекет басшысы сенімді. Ендеше біз сол сенім үрдісінен шығу, “Нұрлы жолға” өзіндік үлес қосу үшін кәсіпкерлігімізді тиімді ете түсуіміз қажет. Ол қолымыздан келеді, – дейді өз тұтынушыларын тауып үлгерген Ербатыр Урманов.

Меңдібай ӘЛМҰХАМБЕТҰЛЫ.

 Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp