Облыс орталығындағы №2 орта мектепте психикалық ауытқулары бар, сал ауруы мен аутизмге шалдыққан балалар оқитын арнайы алты сынып бар.
2011 жылы ашылған мұндай сыныптың біреуіне Балғын Жұманова жетекшілік етеді. Осы салада отыз жылға жуық еңбек етіп жүрген білікті маман жақында басқа мектептердегі әріптестерімен кездесу өткізіп, денсаулығында ақауы бар оқушылармен жұмыс жасап, оларды білімге баулудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
– Менің сыныбымда қазір 12 бала бар. Төрт жылғы еңбегіміздің нәтижесі болар, әр баланың бойынан алғабасушылық, мінезіндегі оң өзгерістерді байқаймын. Мысалы, оқушы математикадан кейін орыс тілі болатынын біліп, кітаптарын шығарып қояды. Түрлі әдістер бойынша баланың көңілін аулап, қызықтырамыз. Ең оңтайлысы – тюторлық әдіс. Оның көмегімен оқушы өз бетімен сабағын әзірлейді, – дейді ұстаз.
Шараға он екі ауданның мұғалімдері жиналып, өзара пікір алмасты. Айта кету керек, бүгінде еліміз бойынша үш мыңдай мектепте денсаулығында кемістігі бар балаларға инклюзивті білім беріледі.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.