Мәдениетті қоғам қалыптастыру рухани құндылықтарды бойымызға сіңіруден бастау алады деген пікірді ешкім жоққа шығармайтын шығар. Ал бұл бағытта кітапхананың, өнер ордаларының адами ізгіліктерді насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен конференцияда мәдениет саласының қызметкерлері бәсекеге қабілеттілікті арттыру, бүгінгі заман талабының үдесінен шығу жолдары төңірегінде өзара тәжірибе алмасып, білім көкжиегін кеңейтті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шараға аталмыш саланың мамандары, кітапханашылар, Мәдениет үйлерінің меңгерушілері қатысты. “TEDx” форматында дәріс, семинар және шеберлік сыныбы түрінде өткен конференцияда қатысушыларға өз саласының үздігі атанған қызметкерлермен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Атап айтар болсақ, қоғамдық сананы жаңғыртуда жаңашылдықтармен көзге түсіп жүрген кітапхана директоры Бейбіткүл Әбілмәжінова тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтарды қалай еңсергені, оқырмандар санын арттырудың жолдары жайында айтып берді. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев “Театр және өрлеу” тақырыбында өз ойын ортаға салды. Ал “Legenda” Eventагенттігінің жетекшісі Закиржан Мамлютов табысты болудың сыры жайында әңгіме өрбітті.
Секция жұмыстары “Архив: тарих және цифрландыру”, “Мұражай: дәстүр мен инновация”, “Кітапханаларды жаңғырту”, “Текті сөздің төресі – терме” тақырыптарын қамтығанын да айтып өткен жөн. Осылайша, мәдениет саласының қызметкерлері алдағы жұмыстарына серпін беретін тың ойлар жинақтап қайтуға мүмкіндік алды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.