Тайынша көпбейінді аудандық орталық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Жиынға басқарма басшысы Тимур Сұлтанғазиев пен аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты.
Алдымен Тайынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский жиынға қатысушыларды емдеу мекемесінің жұмысымен таныстырды. Ол қабылдау бөлімінде енгізілген триаж-жүйесі, жақында ашылған компьютерлік томография кабинеті, диализ орталығы туралы айтып, ауруларды басқару бағдарламасының жұмысына тоқталды. Ал заман талабына сай медициналық қондырғылармен жұмыс істеп жатқан аталмыш емдеу мекемесінің дәрігерлері әріптестерімен тәжірибе алмасты. Алқа отырысына қатысушылар компьютерлік-томография кабинеті мен диализ орталығында науқастар қалай ем алатынын көрді.
“Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп жатқан томография кабинетінде жүрек-қан тамыр жүйесі, тыныс алу, жарақат аурулары бойынша науқастар диагностикалық тексеруден өтуде. Мұнда Тайынша ауданынан басқа, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарының тұрғындарына да көмек көрсетілетінін айтып өткен жөн.
– Томографиялық кабинетте науқастар тәулік бойы ем ала алады. Олардың кез келген уақытта тексерістен өтуіне мүмкіндіктері бар. Бұл шалғай аудан тұрғындарына көрсетілген үлкен қолдау деп білемін, – деді Анатолий Рафальский.
Кейін дәрігерлер туберкулез дертін 95 пайыз дәлдікпен анықтай алатын зертханадағы медициналық қондырғының жұмысымен танысты. Құрт ауруының алдын алу кабинетінің зертханашысы Орынтай Қабиденқызымен пікір алмасқан дәрігерлер аудандық ауруханада атқарылып жатқан игі істерге оң баға берді. Одан кейін алқа отырысы өтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде медицина саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама жасады.
Отырыста “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар, ана мен бала денсаулығын қорғау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, обыр ауруының алдын алу мәселелері талқыланды. Жиын соңында басқарма басшысы емдеу мекемелерінің бас дәрігерлеріне тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, аурулардың алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.