
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында химия, биология пәндері мұғалімдерінің “Кәсіби ынтымақтастықтың ғылыми зертханасы” атты халықаралық форумы өтті. Мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасып, ғылыми-педагогикалық шеберліктерін арттыруы мақсатында ұйымдастырылған жиынға Ресейдің Омбы қаласынан келген білікті профессорлар мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас мамандар, жалпы 300-ден астам педагог қатысты.
Форум барысында облыс мұғалімдерінің ғылыми-тәжірибелік мақалалар жинағының тұсауы кесілді. Оған ұсынылған 150-ден астам зерттеу жұмысының арасынан үздік отызы ғана іріктеліп алынған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының үш тілді білім беру орталығының басшысы Алма Мұхамеджанованың айтуынша, елімізде аталған пән мұғалімдерінің арасында кадр тапшылығы бар. Алайда, бір көңіл көншітерлігі – жас мамандар арасында үш тілді білім беруге деген ұмтылыс жоғары.
– Үш тілді білім беру жүйесін дамыту аясында елімізде “Педагогикалық ворк шоп” жобасы іске қосылған. Оған Солтүстік Қазақстан облысы белсенді атсалысып, бүгінгі күні 199 мектеп қатысып жатыр. Олар физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды қолға алды. Осындай форумдардың арқасында жас мамандар тәжірибе жинап, жаңашылдыққа, жаңартылған оқу бағдарламасына үйренеді, – деді Алма Мұхамеджанова.
Шара барысында педагогтер химия және биология пәндерін оқытудағы үздік тәжірибелерді жетілдіру жөнінде ой бөлісіп, ғылыми зерттеу жұмыстарына баса мән берді. Бұл үшін олар авторлық бағдарламалары мен мақалаларын пайдаланып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Мәселен, оқушылардың жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылықтарын арттыру жолдары қарастырылды. Форумға қатысушылар бұл үшін зертханалық жұмыстарды жиі өткізу керек деген пікір білдірді. Себебі, оларға теориялық мәліметтерге қарағанда, оны тәжірибе жүзінде көрсеткен әлдеқайда пайдалы.
Осыдан кейін қатысушылар алты бағыт бойынша түрлі секцияға бөлініп, өзара тәжірибе алмасты. Онда қырыққа жуық түрлі тақырыптағы инновациялық жобалар қорғалып, жас мамандарға шеберлік сыныптары өткізілді. Шара соңында педагогика саласының ардагерлері және химия, биология пәндері бойынша облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.